Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертеді.
Шетелдік дереккөздердің мәліметтері бойынша алаяқтар Telegram арқылы тегін электрондық кітаптар ретінде зиянды файлдарды таратып жүр. Алаяқтық схемасы қарапайым көрінгенімен, салдары аса қауіпті:
Пайдаланушы Telegram-дан кітаптардың үлкен кітапханасына шектеусіз қолжетімділік туралы хабарлама алады. Қажетті басылым сұралғаннан кейін бот нақты сервиске имитация жасап, кітап сюжетінің қысқаша сипаттамасын ұсынады. Дегенмен, кітапты оқу немесе жүктеудің орнына «арнайы қосымша» деген атпен вирустық файл жіберіледі.
Бұл файлды орнату ауыр салдарға әкелуі мүмкін: парольдер мен қаржылық ақпаратты ұрлау, хат алмасу мен фотосуреттерге қол жеткізу, смартфонды қашықтан басқару және жеке деректерді жоғалту.
Бейресми көздерден қосымша орнату әрқашан қауіпті. Сондықтан кибергигиена ережелерін сақтау және жеке қырағылық интернеттегі осындай қауіп-қатерлерден қорғанудың басты жолы болып табылады.







