Úı ANONS 451 грамм алтынды заңсыз өндіргендер қамауға алынды

451 грамм алтынды заңсыз өндіргендер қамауға алынды

Түркістан облысында 12 адам экологиялық заңнама талаптары мен өндірістік қауіпсіздік нормаларын өрескел бұзған. Бұл туралы облыстық Прокуратура мәлімдеді.

 

Ресми мәліметке сәйкес, Созақ ауданында алтын құрамды кен орындарын заңсыз игерумен айналысқан. Тиісті тексеру шаралары барысында олардың пайдалы қазбаларды өндіруге арналған рұқсат құжаттарынсыз әрекет еткені белгілі болды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, олардың заңсыз әрекеттері нәтижесінде шамамен 451 грамм алтын алынған. Аталған дерек бойынша уәкілетті органдар тарапынан тиісті шаралар қабылданып, заңсыз пайдалы қазбалар өндіру фактісі бойынша тексеру  жүргізілді.

Самат ТҮЛЕНДИЕВ, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ: «Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 295-1-бабы 1 және 3-бөліктерінде көзделген құқық бұзушылық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті тұлғаларға қатысты қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, 5 күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды».

Айта кету керек,  заңсыз пайдалы қазбаларды өндіру экологияға елеулі қауіп төндіреді.  Сонымен қатар, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деді прокуратура өкілдері. Айтуларынша, мұндай әрекетке барғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Нұргүл Жолымбетова