Úı ANONS Ашық аспан астындағы мұз айдындары өз жұмысын аяқтады

Ашық аспан астындағы мұз айдындары өз жұмысын аяқтады

фото egemen.kz

Биылғы қыс Шымкент тұрғындары үшін ерекше болды. Қаланың үш бірдей жерінен ашық аспан астындағы мұз айдыны ашылып, алаңдарда 300 мың адам сырғанады. Ал бұл аймақтарда келушілерге 1 700 жұп коньки дайындалды. Ауа райының тосын мінезі мен техникалық қиындықтарға қарамастан, инвесторлар қолдаған бұл жоба халықтың ыстық ықыласына бөленгені хақ.

Шымкенттегі ашық аспан астындағы мұз айдындары өз жұмысын аяқтады. Қазір мұндағы техникаларды жинау жұмыстары жүріп жатыр. Еске салсақ, алғашқы маусым қиындықсыз өтпеді. Желтоқсан айында мұздату құрылғылары істен шығып, мұз қабаты еріп кеткен еді. Дегенмен, бұл олқылықтар дер кезінде реттеліп, ақпан айының соңына дейін мұз алаңдары қала тұрғындарын шаттыққа бөлеп, қысқы көңіл-күй сыйлады. Сол себепті инвесторлар келер жылы да мұз айдындарын ашуды жоспарлап отыр.

ЕРЖАН МҰХИДИН, «СПОРТ САРАЙЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: «Шымкенттің қысы өте қысқа. Содан бітіп жатыр сезонымыз. Аяқтап жатырмыз. Ендігі жылға жоспарымыз бар. Жыл сайын қоюға. Әкімшілік тарапынан да біздің тараптан да жоспарларымыз бар»

Айта кету керек, егер өзіңізбен конькиіңізді әкелсеңіз, бұл алаңдарда сырғанау тегін болды. Сонымен қатар, мұз айдындарының жанында конькиді жалға алу мүмкіндігі де қарастырылған. Мысалы, Мұз сарайы маңындағы алаңда жалға беру үшін 340 жұп коньки дайын тұрса, Арбатта — 740 жұп, ал Астана алаңында тағы 700 жұп коньки дайындалған еді.

БОЛАТ МАМБЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚЫСҚЫ СПОРТ ТҮРЛЕРІ БОЙЫНША СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Бұл мұз алаңдары қала тұрғындарына қысқы спорт түрлерінің бар екенін және оларды үйренуге мүмкіндік бар екенін көрсетті. Бір ай ішінде хоккей, мәнерлеп сырғанау, фристайл сияқты спорт түрлеріне шамамен жүз адам қызығушылық танытты. Қалалықтар әсіресе Италияда Олимпиада өтіп жатқан кезеңде бұл спорт түрлерінің бізде де бар екенін біліп, қызығып отыр»

Қала тұрғындарының арасында жалға алынған конькилерді қайтармағандар да бар екен. Бүгінде 6 жұп конькидің жоғалғаны анықталды, тағы бірнешеуі жөндеуді талап ететін көрінеді. Сондай ақ Инвесторлар қаржыландырған бұл жоба қаржысы да толық өтелмеген. Соған қарамастан, мамандар келесі жылы жіберілген олқылықтарды түзетіп, биылғы тәжірибені тиімді қолдануға ниетті.

Лаура Бабас