Ашық аспан астындағы мұз айдындарында бүгінге дейін 10 мыңнан аса қала тұрғындары сырғанақ тепті. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында қысқы демалысты тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында 4 жаңа ашық мұз айдындары пайдалануға берілген болатын. Бүгінде, мұз айдындары тұрғындарға қолайлы болу үшін заманауи жарықтандыру жүйесімен, демалуға арналған арнайы аймақтармен және коньки жалға беру қызметімен толық жабдықталған.
АСЛАН АБЖАППАР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Көңіл күйім өте керемет. Маған сырғанаған өте қатты ұнайды. Осы жерге алғаш рет келіп тұрмын. Достарыммен келіп тұрмын. Өте ұнады. Жылы киінсек болды. Қауіпсіздік шараларына да мұқиятпыз. Коньки тепкен кезде денсаулық керек қой. Қауіпсіздік мен үшін маңызды».
Осылайша биылғы қыс Шымкент қаласының тұрғындары үшін жаңа серпін берді. Қала тұрғындары ашық аспан астындағы мұзда коньки теуіп, уақыттарын тиімді өткізіп жатыр. Бұл жоба қыс мезгілін белсенді өткізуге, спортты жаппай қолдауға бағытталған маңызды бастама болып отыр. Сондықтан, шаһар аумағында «Астана» алаңында, «Мұз сарайы» маңында және «Арбат» демалыс аймағында 4 айдын қолданысқа берілді.
Мұз айдындарына келушілердің қауіпсіздігі басты назарға алынған. Мұнда кәсіби нұсқаушылар қызмет көрсетіп, демалушыларға тепе-теңдікті дұрыс сақтауды, конькимен сырғанаудың негізгі әдіс-тәсілдерін үйретеді. Бұдан бөлек, мұз беті әр сағат сайын арнайы техникамен тазартылып тұрады. Нәтижесінде, қауіпсіз әрі жайлы орта қамтамасыз етіледі дейді жауаптылар.
Айта кету керек, мұз айдындарына арнайы мұздатқыш жүйе орнатылған. Заманауи технологияның көмегімен мұздың сапасы тұрақты түрде сақталып, ауа райының қолайсыздығына қарамастан сырғанауға қолайлы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұз айдыны демеушілердің қолдауымен жабдықталып, келушілерге қосымша ақысыз қызмет көрсету қарастырылған.
Ашық мұз айдынының жұмыс кестесі:
Жұмыс күндері: 10:00 – 22:00
Демалыс күндері: 10:00 – 00:30
Сырғанау уақыты – 2 сағат.
Бағалар:
Өз конькиімен кіру – тегін
Конькиді жалға алу (барлық жас санатына бірдей) – 1500 теңге
Айта кетейік, мұз айдындары желтоқсан айының басында қолданысқа берілді. Сол уақыттан бастап 10 мыңнан астам адам сырғанақ теуіп, қыс мезгілінің қызығына батты. Оның ішінде спорт сарайының жанында орналасқан айдын айына 20-30 мың адамды қабылдауға қауқарлы. Ал, арбат, Астана алаңындағы мұз қалашықтары 50-60 мың қала тұрғынына қуаныш сыйлай алады.
Нұргүл Жолымбетова






