Түркістан қаласының ауданаралық соты бүйрегін сатуға оқталып, мәміле жасауға тырысқан тұрғынға қатысты істі қарады. Сот дерегіне қарағанда, іс Қылмыстық кодекстің «Адамның ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою» бабымен тергелген.
Тұрғын 2025 жылдың ақпан айында «Телеграмм» әлеуметтік желіде өз бүйрегін сату туралы жарнама ілген. Мұны полиция анықтап, сатып алушы ретінде онымен кездескен. Айыпталушы ақшаны алу кезінде құрықталған.
«Қылмыстық әрекетті имитациялаушы ішкі істер органдарының қызметкері «А» есімді тұлғамен жолығып, 13 млн. теңге қаражатқа сататынын келісіп, содан 5 млн. теңге ақша қаражатын қолма-қол арқылы алу барысында ұсталған»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындаған. Бұған тұрмыстық жағдайының нашарлығынан барғанын айтқан. Мұны ескерген сот сотталушыны қылмыстық жауаптан босатып, істі тоқтатқан. Айта кетейік, сот қаулысы заңды күшіне енбеген.
Дилара Иса






