Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметтің беделі мен тиімділігі ең алдымен мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігімен қатар, олардың әдептілігі мен моральдық-этикалық ұстанымдарына тікелей байланысты. Осы тұрғыда Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау – мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен халық сенімін арттырудың маңызды факторы болып табылады.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік мінез-құлқының негізгі қағидаттарын айқындайды. Ол адалдық, әділдік, ашықтық, жауапкершілік, сыпайылық және заңдылық сияқты құндылықтарға негізделген. Мемлекеттік қызметкер өз қызметін атқару барысында жеке мүддесін емес, қоғам мен мемлекеттің мүддесін басшылыққа алуы тиіс. Бұл – Әдеп кодексінің басты талабы.
Мемлекеттік қызметкердің мінез-құлқы тек қызметтік ортада ғана емес, қызметтен тыс уақытта да қоғам тарапынан бағаланады. Сондықтан қызметкердің қоғамдағы жүріс-тұрысы, сөз саптауы, азаматтармен қарым-қатынасы мемлекеттік органның жалпы имиджіне әсер етеді. Әдеп кодексін сақтау арқылы мемлекеттік қызметкер халықпен өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнатады.
Әдеп нормаларын сақтау сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда да маңызды рөл атқарады. Кодекс талаптары мүдделер қақтығысына жол бермеуді, заңсыз артықшылықтар алудан бас тартуды және шешім қабылдауда әділ болуды көздейді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік аппараттың тазалығын қамтамасыз етіп, әділетті қоғам құруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілер арасында өзара сыйластық пен іскерлік мәдениетті қалыптастырады. Әріптестермен қарым-қатынаста құрмет көрсету, негізсіз сынға жол бермеу, қызметтік әдепті сақтау – ұжымдағы жағымды моральдық-психологиялық ахуалды нығайтады. Мұндай ортада еңбек өнімділігі де арта түседі.
Қорытындылай келе, Мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексін сақтау – бұл тек талап немесе міндет қана емес, әрбір мемлекеттік қызметкердің азаматтық жауапкершілігі. Әдептілік пен адалдықты басты қағида еткен мемлекеттік қызмет қана қоғамның сеніміне ие болып, ел дамуына нақты үлес қоса алады. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер Әдеп кодексінің талаптарын терең түсініп, оны күнделікті қызметінде бұлжытпай орындауы тиіс.
Д.Т.Ташпулатова,
Шымкент қаласы Абай ауданының
СЭББ бас маманы







