Úı ANONS Алаяқтарға тосқауыл: Шымкентте 18 мың қоңырау бұғатталды

Алаяқтарға тосқауыл: Шымкентте 18 мың қоңырау бұғатталды

Шымкентте интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған «Антифрод» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Құқық қорғау қызметкерлерінің  айтуынша, 1 ақпаннан бері жүргізілген жұмыстар нәтижесінде киберқылмысқа қарсы күресте нақты нәтижелерге қол жеткізілген.

Мәселен, іздеуде жүрген 3 қылмыскер ұсталып, бір ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар, 2 хакердің заңсыз әрекеті әшкере болды. Бұдан бөлек, SIM-карталарды заңсыз белсендірумен айналысқан 5 адам ұсталып, олардан 3000-нан астам SIM-карта мен 18 ұялы телефон тәркіленді. Ал, киберқылмысқа қатысы бар 40 жуық азаматқа заңды шара көрілді.

АРМАН БЕЙСЕНБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: «Киберқылмыс жасағаны үшін 37 тұлға жауапкершілікке тартылып, тағы 27 азамат профилактикалық есепке алынды. «Антифрод» жүйесі арқылы 15,5 миллион теңгеден астам қаражат бұғатталып, 18 мыңнан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесілді, сондай-ақ қылмыстық мақсатта пайдаланылған 337 интернет-ресурс та бұғатталды. Аталған жұмыстар «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында жүргізіліп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған».

Полицейлер, тұрғындарды сақ болуға шақырады. Күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбей, белгісіз сілтемелерге өтпеуге кеңес береді. Сондай-ақ, банк картасының деректерін бөгде адамдарға бермеңіздер деп ескертеді.

 

Нұргүл Жолымбетова