Бүгін Шымкентте жаңа Конституцияны насихаттау аясында тағы бір басқосу өтті. Бұл жолы түсіндіру тобы «Көктем» базарына барып, кәсіпкерлермен еркін форматта әңгімелесті. Кездесуде тұрғындар алдағы референдум жөніндегі ойларын жасырмай жеткізді.
Жаңа Ата заң жобасы ел ішінде қызу пікірталас тудырды. Билік тарапынан 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы түсіндіріліп, науқанға дайындық қыза түсті. Мамандар халықты ақпараттандыру жұмысына ерекше ден қойған. Шенеуніктердің сөзінше, бұл құжатта ең алдымен халықтың құқығы қорғалған.
СБАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ҚАЛА МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Экономика мықты даму керек. Экономика даму үшін бізге инвестиция керек. Инвестиция келу үшін дипломатиямыз мықты болу керек. Және біздің елге сену керек. Біздің елге сену үшін біздің ата заңға қарайды. Осы елге келуге бола ма, болмай ма деп. Біз енді сол ата заңда инвесторлардың құқығын да, Қазақстандықтардың да құқығын барлығын халықаралық деңгейде қорғайтыны айтылған»
Билік басындағылардың бұл ұстанымын қолдайтындар аз емес. Олар да өз ұстанымдарын ашық айтып, референдумға баратындарын жеткізді.
НҰРЖАМАЛ АМАНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Құдай қаласа Қазақстандықтар, қазақтар, Қазақстанда жүрген басқа ұлттың адамдары барлығымыз бірігіп, бір ауыздан 15 күні барып, дауыс береміз»
Айта кетсек, Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум өткізу жөніндегі жарлыққа қол қойған. Референдумда ел азаматтарына «2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал жолданбақ.
Лаура Бабас


