«Көктем» базарын сүру жалғасын жатыр. Кей саудагерлер қала әкімдігі сот қаулысы шықпай сауда нүктелерін сүрді дейді. Әкімдік олардың сөзімен келіспейді.
Шымкентте «Көктем» базарындағы нақтырақ айтқанда Жібек жолы көшесінің бойындағы сауда қатары бұзылды. Кәсіпкерлер мен саудагерлердің сөзінше, олардың бірі келіскен, бір бөлігі келіспеген. Келіскендер өтемақы алған. Келіспегендер сотқа жүгінген. Әйткенмен, сот қаулысы шықпай жатып сүру жұмыстары басталып кеткен.
«Бізге ескертпеді. Ешқандай құжат әкелмеді».
Саудагерлердің сөзінше, олар отырған нүтелер жалға берілген. Әкімдік түнде ескертусіз ғимараттарды сүрген. Ондағы бар тауар қоқыстың астында қалып, бүлінген, шығынға батқан. «30 жылдан бері тұрған базар кімге кедергі етті?» дейді олар.
«30 жыл тұрып-тұрып, енді көшіріп жатыр. Бәрі көшіп жатыр басқа жаққа. Сіздерге басқа орын ұсынды ма? Жоқ Бізге ерікті түрде босатыңдар деді. Біз сот не шешеді солай болады дедік».
Десе де қала әкімдігі саудагерлердің айтқанымен келіспейді. Қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбектің сөзінше, кәсіпкерлердің құқығы бұзылмаған. Саудагерлерге басқа жерден орын берілген.
2025 жылдың наурыз айында «Көктем» базары ресми құжаттардың болмауына және жерді мақсатсыз пайдалануына байланысты сүріле бастаған. Жер телімі бастапқыда автотұраққа берілген, бірақ заңсыз сауда орнына айналған. Саудагерлерге ескерту жасалып, базарды толық жабу жоспарланған. Базар орны абаттандырылатыны айтылған. Сонымен бірге көлік қозғалысын жақсартады деп сендірген.
Дилара Иса


