Темірланда 200 орындық облыстық перинаталды орталықтың құрылысы басталды. Жоба құны 46 миллиард теңгеге жуықтайды. Орталық бірнеше ауданның тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталықтың іргетасы қаланды. Оған облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
Орталықты салу үшін 8 гектар жер бөлінген. Тапсырысты облыстық құрылыс басқармасы берген. Жалпы құны – 46 миллиард теңгеге жуықтайды. Құрылысты «ВД Строй-Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді. Ғимараттың жалпы көлемі 34 мың шаршы метрден асады. Облыс әкімінің сөзінше, бұл ана мен бала денсаулығы үшін игі бастама.
Медициналық мекеме Ордабасы ауданынан бөлек, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас ауданы және Арыс қаласының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Жоспар жүзеге асса, тұрғындар ем іздеп облыс орталығына сабылмайтын болады.
Орталықтың ерекшелігі облыстық деңгейде жүкті әйелдер мен нәрестелерге жоғары сапалы, заманауи медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Әкімдік жоба ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіруге және өңір тұрғындарына қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге зор мүмкіндік береді деп сендіреді.
Дилара Иса







