Úı ANONS Шымкентте ҰҚК-нің бұрынғы қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты

Шымкентте ҰҚК-нің бұрынғы қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты

фото Отырар.кз

 

7 қазан күні Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының бұрынғы орынбасары Манат Сарбасовты 12 жылға бас бостандығынан айырды. Сот оны Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы және «Пара беру» бабымен ақтап, «Пара алу» бабы, «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабы және «Қызметтегі әрекетсіздік» бабымен кінәлі деп танып, 12 жылға сотталды. Сонымен бірге подполковник шенінен айырып, Сарбасовтан мемлекет есебіне 70 миллион теңге өндірілетін болды.

Оның бұған дейінгі қамаудағы бір күні, екі күнге есептеледі.
Сарбасовпен бірге іске тартылған Ерлан Тышқанбаев, Темірхан Варзилов, Шыңғыс Жаңабаев пен Айдос Срайловқа қатысты да үкім шықты.

Сарбасовтың әріптесі Срайлов «Кәсіпкерлікке заңсыз араласу» бабымен кінәлі деп танылып, бас бостандығы 1 жылға шектелді. Оған рақымшылық заңы қолданылып, сот залынан босатылды және майор шені алынды.

Темірхан Варзилов «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» бабымен кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан шектелді және өмір бойынша мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды. Ол сотта кінәсін ішінара мойындаған. Жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның денсаулығы мен асырауында кәмелет жасқа толмаған балалары бар екені ескерілген.

Шыңғыс Жаңабаев пен оның досы Ерлан Тышқанбаев «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабымен кінәлі деп танылды. Жаңабаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Тышқанбаевтың бас бостандығын 7 жылға шектеді.

Сотталушылар Сарбасов, Жаңабаев сот үкімімен келіспейтінін танытты. Қалған сотталушылар үкімге қатысты пікір білдірмеді.

Айта кетейік, Сарбасов 2004 жылдан бері Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде түрлі қызмет атқарған. Қылмыстық іске қатысты ұсталған кезде комитеттің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары қызметін атқарған. Оның серіктері деп танылғандардың ішінде шенеуніктер мен кәсіпкерлер бар.

Дилара Иса