Бүгін Шымкентте сот әйелді бірнеше жерінен пышақтап өлтіріп, денесін қоқысқа тастаған 17 жастағы оқушының апелляциялық сотында жәбірленуші тарап оған өлім жазасын сұрайтынын хабарлады. Олар бірінші сатылы сот үкімімен келіспейді. Егер сот талаптарын орындамаса, жоғарғы сотқа арызданбақ.
Қалада елді дүр сілкіндірген тағы бір қылмыстық іс жалғасын тапты. Бұл жолы қалалық сот үй тазалауға шақырған келіншекті бірнеше жерінен пышақтап өлтіріп, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастап кеткен оқушының апелляциялық шағымын жабық қарай бастады. Шағымды жәбірленуші тарап түсірген.
Марқұмның анасы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен келіспейді. Сот 17 жастағы Асан Анарды «Адам өлтіру» және «Ұрлық» бабымен кінәлі деп танып, бас-аяғы 7 жыл 6 айға түрме жазасын кескен еді. Кісі қолынан азапты ажал құшқан марқұмның туыстары, «Бұл өте аз жаза» деп отыр.
Жәбірленушінің сөзінше, бұл оқиғаға тек оқушыны кінәлауға болмайды. Бұған 16 жасында баласын қалаға жұмысқа жіберген ата-анасы, кәмелет жасқа толмаған бөтен балаға үйін жалға берген адам да жауапты. Апелляциялық шағымда бұл да жазылған. Жәбірленушінің пікірінше, олар да жауапкершілікке тартылуы керек. Бұдан бөлек «Өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлау» бабының алынып тастағанына да қарсылық білдірген.
Апелляциялық сотқа келген сотталушының әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы іс бойынша қандай да бір пікір білдіруге құлық танытпады. Ол сот үкімі шыққанда онымен келісетінін мәлімдеген.
Айта кетейік, жантүршігерлік оқиға 2025 жылдың шілде айында болған. Үй тазалауға барған әйел жоғалып, кейін оның денесі қоқыс жәшігінің жанынан табылған еді. Қанды оқиғаға күдікті ретінде 11-сынып оқушысы ұсталған. Желтоқсан айында сот оны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған. Оқушының заңды өкілінен 2 ай ішінде екі жәбірленуші мен марқұмның кәмелетке толмаған екі қызына моральдық шығын ретінде 10 млн теңге беру міндеттелген.
Дилара Иса







