Úı ANONS “Free Fire” ойыны арқылы жасалған алаяқтық әшкереленді

“Free Fire” ойыны арқылы жасалған алаяқтық әшкереленді

фото cybersport.metaratings.ru

Онлайн ойын балалар үшін қызық әлем. Алайда алаяқтар сол виртуалды кеңістікті өз пайдасына пайдаланып, сенімге кірудің түрлі айласын іске асыруда.

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, банк есепшотынан қаражатының заңсыз шешілгенін хабарлаған. Белгілі болғандай, жәбірленушінің кәмелетке толмаған туысы ұялы телефон арқылы «Free Fire» ойынын ойнап отырған сәтте оған бейтаныс азамат байланысқа шыққан.

Ойын барысында күдікті түрлі уәде беріп, «бонустар» мен «ұтыстарды» алға тартып, жасөспірімнен банк картасының деректері мен телефонға келген SMS-кодты алдап сұрап алған. Соның салдарынан жәбірленушінің есепшотынан 380 000 теңге аударым арқылы шешілген.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 20 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Күдіктіден алаяқтық әрекеттерге пайдаланылған 5 ұялы телефон тәркіленді.

Киберпол қызметкерлері күдіктінің 60-тан аса жасөспіріммен ойын арқылы байланысқа шығып, олардың 20-дан астамынан ақша алғанын анықтады. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.