Иран аспанында пайда болған «қышқылды бұлттарға» қатысты ақпарат желі қолданушыларын алаңдатып отыр. Жұртшылық улы ауа ағыны Орталық Азия аймағына таралуы мүмкін деген пікірде. Арна тілшілері аталған дерекке қатысты арнайы мамандардан ақпарат сұрап көрді.
Желіде «қышқылды бұлттар» туралы қауесет қаптап кетті. Иран аспанындағы улы ауа біздің жаққа жете ме? Қазір әлеуметтік желідегі жұртты осы сұрақ мазалап отыр. Көпшілік ластанған ауа ағыны Орталық Азияға қауіп төндіреді деп алаңдаулы.
АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: «Иран аумағының үстінде пайда болды делінетін және Орта Азия елдеріне жету мүмкін деген қышқыл бұлттар туралы ақпарат ғылыми деректермен және бақылау нәтижелерімен расталмайды».
Сала мамандарының айтуынша, қышқылды бұлттар — зауыттар мен көліктерден шығатын зиянды қалдықтардың нәтижесі. Нақтырақ айтқанда, ауадағы күкірт пен азот газдары жаңбыр тамшыларымен араласқанда ғана «қышқылды жауын» пайда болады. Бірақ мұндай химиялық процесс тек ластану ошағының маңында ғана жүреді, сондықтан оның мыңдаған шақырымға таралуы физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Мамандар солай дейді.
АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: «Ауа массалары алыс қашықтыққа тарағанда бұл заттардың концентрациясы табиғи атмосфералық процестердің әсерінен айтарлықтай төмендедейді. Жүргізілген мониторинг деректеріне сай мұндай ластаушы заттардың Қазақстанға және Орта азияға таралу белгілері тіркелген жоқ».
Зерттеу қорытындыларына сүйенсек, мұндай лас ауаның Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне қарай жылжығаны туралы ешқандай белгі тіркелмеген. Сондықтан мамандар көпшілікті тек ресми дереккөздерге сенуге және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырады.
Ботакөз Әнуар






