Úı ANONS Самокаттарға нөмір беріледі

Самокаттарға нөмір беріледі

Елімізде электросамокаттарды тіркеудің жаңа тәртібі енгізілді. Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен, 1 шілдеден бастап электросамокаттарды жалға беретін кәсіпкерлер әрбір құрылғыға бірегей тіркеу нөмірін беріп, олардың есебін жүргізуге міндетті. Есепке самокаттың маркасы, сериялық нөмірі, пайдалану мерзімі мен техникалық күйі туралы мәліметтер енгізіледі.

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ
«Енді әр самокаттың өзіндік таңбасы болады. Тіркеу нөмірін кәсіпкерлер құрылғыны жалға бермес бұрын өздері бекітеді. Ол бір латын әрпі мен бес саннан құралады. Ең бастысы — әр компанияның өз әрпі болады және ол басқа кәсіпкерлердің белгісімен қайталанбайды. Осылайша, әрбір самокатты қатаң есепке алу міндеттелмек».

Енді самокаттарды түнде де тану оңай болмақ. Өйткені жаңа тіркеу нөмірлері жарыққа шағылысатын арнайы материалдан дайындалады. Белгілер самокаттың артқы бөлігіне және рульдің екі қапталына орналастырылады. Егер нөмір зақымдалса, операторлар бұрынғы әріптік-цифрлық таңбасын сақтай отырып, белгіні ауыстыруға міндетті.

Ішкі істер министрлігі бұл шаралар қауіпсіздікті арттыруға, жалға берілетін самокаттарды бақылауды жеңілдетуге және жалдау нарығын ашық етуге көмектеседі дейді

Ботакөз Әнуар