Úı ANONS Үйді нөмірлеу қиын ба?

Үйді нөмірлеу қиын ба?

фото satu.kz/shyimkent

Қалада көшені нөмірлеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Алайда кейбір тұрғындар үй нөмірлерін қайта-қайта ауыстыруға наразы. Мәселен, Қаратау ауданы, Нұртас шағынауданының халқы бірнеше көшеде үй нөмірлері  құжат жүзінде көрсетілген сандармен сәйкес келмейтінін айтып шағымданды.

Айтуларынша, жедел жәрдем, жеткізу қызметі, такси жүргізушілері келгенде үйлерді таппай, шатастырып жатыр. Сондықтан, көшеге шығып, өзіміз іздеуге мәжбүрміз дейді.

Нұртас шағынауданы Гүлдала, Ақсұңқар, Ойтоған, Ақсауыт көшелерінің бірқатар тұрғындары үй нөмірлері ауысып, әбігерге салғанын айтып шағымданды. Айтуларынша, жедел жәрдем, жеткізіп беру қызметін шақырса, өзге үйдің алдына барып тұрады. Ол аздай құжатты қайта реттеу қажет деп отыр. Ал, тақтайшаны қағып кеткен жауаптылар, жеке сектордағы үйдің гаражын да нөмірлеп кеткен.

АСХАТ ОТЫЗБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Құжат бойынша қазіргі таңда 109 болып тұр. Қазір 101 болып тұр. Қазір енді қайтадан жүгіру керек пе? Алты ай бойы зорға реттеген еді. Оның бәрі шығын ғой».

ЖАННА ПАРЫМБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Үйдің нөмірін рұқсатсыз, ескертусіз өзгертіп кеткен. Менің үйім залогта тұр. Атымда бірнеше нәрселер бар. Нөмірді ретімен орналастырмаған. Бұл ілген адамдардың немқұрайдылығы деп ойлаймын. Бір үйге екі нөмір ілініп кеткен. Гаражға біреу, үйіне біреу».

Ал, сәулет және қала құрылысы басқарамасының өкілдері халық талап етсе де, етпесе осы нөмір қалады дейді. Өйткені, бұл есепке алынып, ретімен ілінген тақтайша деп отыр. Сондықтан, жергілікті тұрғындар электронды цифрлық қолтаңба арқылы егов порталына нөмірді қазіргі нөмірге ауыстыру туралы  өтініш беруі қажет. Сонда нөмір бірер күннің ішінде автоматты түрде ауыстырылады дейді мамандар.

НҰРҒАЛИ БӨРІБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Бұрын берілген ескі  нөмірлердің бірін жаңа нөмірге ауыстырып жатыр. Бұл дегеніміз бұрын есепке алынбаған жерлердің барлығын есепке алынып, реттеліп жатыр. 2 гис базасынада енгізіліп жатыр. Өзіміздің 103,1101  барлық коммунальды қызметі енгізіліп жатыр. Нөмірлер ақысыз беріледі».

Бұдан бөлек, тұрғындар Гүлдала көшесінің тар екенін де жеткізді. Бір мезетте екі автобус сыймайды деп шағымданды. Сонымен қатар, кейбір күндері жарық сөніп қалып, халықты әбігерге салатын көрінеді.  Ал, осыдан екі жыл бұрын басталған кәріз жүйелерін жүргізу жұмыстары әлі күнге аяқталмаған.

«Бізден канализацияны қазып өтіп кеткен. 2023 жылы көктемде, сол қашан іске қосылады?».

ЖАУАП: «Тапсырыс беруші энергетика басқармасы, сол жақтан сұрап, анық-қанығны айтамын. Жауап береміз».

Осылайша халықпен кездескен Қаратау ауданы әкімінің орынбасары мен жауапты мамандары алдағы уақытта мәселелерді ретімен қарап, шешеміз деп уәде берді. Ал, ономастика бойынша мәселе ұзаққа созылары сөзсіз. Өйткені, әрбір тұрғын үйін нөмірлеп алған соң, жеткізу қызметі бар қосымшаларға енгізу үшін тағы да күтуіне тура келеді.

Нұргүл Жолымбетова