Шымкентте 31 жастағы әйел өзін экс-судья зорлауға оқталғанын мәлімдеді. Оқиға 13 сәуір күні Самал-3 ықшам ауданында болған. Ер адам әйелге «күш қолданып, дәрменсіз күйін пайдаланып, еркінен тыс жыныстық қатынасқа тартқан» болуы ықтимал. Жәбірленуші полицияға арыз түсірген. Қалалық полиция департаменті істің тіркелгенін растады.
«Азаматшаның арызы бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда іс бойынша барлық мән-жайларды жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу нәтижелері бойынша заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ
Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабымен тергеп-тексеру амалдары басталған. Сот кабинеті жүйесіне қарағанда, дәл қазір бұл іс тергеу сотына тіркелмеген. Әзірге күдіктінің кім екені, оған байланысты қандай санкция қолданылғаны беймәлім. Бейресми мәліметке қарағанда, зорлауға оқталды деген адам зеңгер, Шымкенттегі заң консультанттары палатасына жетекшілік етеді. Бұрын бірнеше жыл әртүрлі сотта судья болып жұмыс істеген.
Дилара Иса






