Қазақстанда педофилия үшін сотталған 507 адам бар. Ең көп дерек Алматы облысында тіркелсе, Шымкентте 23 адам есепте тұр. Бас прокуратура олардың арнайы картасын жариялаған. Бұл ашық база ата-аналарға қаншалықты көмектеседі? Балаларға қарсы қылмыстар неге азаймай тұр?
Қазақстанда педофилия үшін сотталғандар саны – 507 адам. Бұл – Бас прокуратура ұсынған ресми дерек. Арнайы картада кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілік жасаған және жазасын өтеген азаматтар көрсетілген. Оған сай өңірлер бойынша ең жоғары көрсеткіш Алматы облысында – 54 адам. Түркістан облысында – 42, ал Шымкентте 23 адам есепте тұр. Бұл деректер ашық базаға енгізілген.
Картада балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған, сотталып, жазасын өтеген адамдар туралы мәліметтер көрсетілген. Олардың тұрғылықты мекенжайлары да енгізілген. Бұл – ашық электронды база. Ол қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және мұндай қылмыстардың алдын алу үшін жасалған. Жобаның мақсаты – балалардың қауіпсіздігін арттыру және ата-аналарды алдын ала ескерту. Ал мұндай деректерді жариялау Бас прокуратура бекіткен арнайы ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
«Қазақстан Республикасында кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар Қылмыстық кодекстің 120, 121-бап, 122-бап, 123-бап, 124-баппен қатаң жазаланады»
ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКС
Дәл осы қылмыстар үшін жаза қатаң. Тіпті жазасын өтегеннен кейін де сотталғандар арнайы есепте тұрады. Бас прокуратураның мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы үш айында кәмелетке толмағандарға қатысты 62 зорлау дерегі тіркелген. Сондай-ақ, 16 жасқа толмағандарға сексуалдық сипатта тиісу бойынша 28 іс қозғалған. Ал кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынас немесе өзге де әрекеттер жасау бойынша 82 қылмыс тіркелген. Өкінішке қарай, бұл – балаларға қарсы жасалған ауыр қылмыстар.
Дилара Иса






