Медицина қызметкерлері бұдан былай заңмен қорғалады. Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілмек. Ол «медицина қызметкері» және «жедел медициналық жәрдем жүргізушісі» деген арнайы субъектіні белгілейді. Соған сай, енді олар да полицей, құтқарушы, судья, прокурор сынды ерекше мәртебемен қорғалатын қызметкерлер тізіміне кіреді.
Бүгін Мәжілісте бірінші оқылымға қаралған заң жобасына сын айтушылар да аз болған жоқ. Өйткені, әрбір сала өкілдеріне арнайы заң шығара берсе, заңнан да мән кетуі мүмкін. Тартыспен мақұлданған заң жайында елордалық тілшіміз айтып береді.
Ресми дерек бойынша, медицина қызметкерлеріне қарсы соңғы бес жылда 280 шабуыл тіркелген. Заң жобасы авторларының сөзінше, шындығында одан 10 есе көп. Жедел-жәрдеммен кез келген жерге өмірін қауіпке тігіп баратын жандарды заңмен қорғау қажет дегенге Мәжілісте ешкім қарсы емес. Тек кейбір тұстары бәрібір сынға қалды. Мәселен, күш көрсеткендерге денсаулығы мен өміріне қауіп төнбесе де бірден 2 млн. теңгеден бастап 4 млн. теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Тіпті 3 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы да мүмкін.
Снежанна Имашева, Мәжіліс депутаты: «Әрі қарай кеттік. Егер екі қызметкерлер, айталық фельдшер мен жүргізушіні қорқытса, онда құр айыппұлмен құтылмайды. Мұндай жағдайда бірден 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы тұр. Қылмыстық кодексте ең төменгі жаза мөлшері шектелмейді. Ал мына жерде ешқандай жәбір көрсетпесе де, ешкім ешкімнің саусағын сындырып жатпаса да бірден жоқ дегенде 2 млн. жазып береді».
Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көтерген Кенжеғұл Сейітжан да және бір жайтты сөз етті. Депутатқа дәрігерлердің дұрыс қарамайтынын, ақша сұрайтынын айтып шағымданатындар көп екен. Оның ақыры жанжалға апарып соқса, онсыз да жағдайы мүшкіл адамды түрмеге қамамай ма деген қауіп бар. Алайда заң авторы Асхат Аймағамбетовтің жауабы сұйық шықты.
Кенжеғұл Сейітжан, Мәжіліс депутаты: «Біздің бір көзі көрмейтін әріптесіміз өзінің шындығын іздеймін деп ВТЭК-тің дәрігерін ұрып жіберген. Не үшін? Себебі, көзі көрмейді, көзі жоқ. Сіз барып келіңіз, «өйтіңіз-бүйтіңіз» деп қуып жіберген. Ол кісі қайтып кеп, сол кісімен төбелескен».
Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты: «Мүгедектігі бар азаматтарға бұл ондай мәселе тіпті болмайды деп ойлаймын. Өйткені, ондай азаматтар жаңағыдай проблемаларға бармайды, ондай ниеттері жоқ деп санаймын».
Одан бөлек, мәжілісмендердің сөзінше, кей дәрігердің немқұрайлы қарайтынына шағымданатындар да жетерлік. Тіпті, қабылдау бөліміне кірмей жатып, аурухананың көлік тұрағы да үлкен кедергіге айналған. Жүздеген көлік сиятын даңғарадай аумағы бола тұра шлагбаумнан жібермейтін жайттар жетерлік. Осының өзі-ақ адамды ашуландырады.
Анас Баққожа, Мәжіліс депутаты: «Неге біз әр ауруханаға, әр нысанға өз ережелеріне рұқсат береміз де, неге заңмен бекітпейміз? 15 минуттық кіреберістік ереже жасасын, ашықтық болу керек. Қазақта сөз бар, «Көңілі тар кеңсеге құлып салынады» дейді. Көңіліміз тар болып қалды ма сонша?»
Ақ халаттылар мәртебесін заңмен қорғауға ешкім қарсы болмаса да бірқатар түйткілді мәселеге қатысты бір тоқтамға келе алмады. Сондықтан бірінші оқылымда осы заңның қажет деген ниетпен бірауыздан дауыс берді. Ал дәрігерлердің біліктілігі, жауапкершілігіне қатысты жекелеген ұсыныстар екінші оқылымға дейін жұмыс тобында қайта талқыланбақ.
Ербол Тұрымбет,
Астана






