Úı ANONS Онкологиялық орталықта МРТ және КТ кабинеттері ашылды

Онкологиялық орталықта МРТ және КТ кабинеттері ашылды

Шымкент қаласындағы онкологиялық орталықта заманауи компьютерлік томография және магнитті-резонансты томография кабинеттері ашылды. Бұл – қатерлі ісіктерді ерте анықтап, нақты диагноз қоюға мүмкіндік беретін маңызды қадам. 

Енді онкологиялық науқастар жоғары технологиялық диагностикалық тексерулерден осы орталықта өте алады. Мұнда орнатылған жаңа КТ және МРТ аппараттары ісіктің таралу деңгейін дәл анықтап, дәрігерлерге тиімді ем тактикасын таңдауға жол ашады.

ҚАНАТБЕК ОСПАНОВ, КТ ДӘРІГЕРІ: «КТ аппаратының басты ерекшелігі – жылдамдығы. Аз уақыт ішінде сапалы әрі нақты нәтиже алуға мүмкіндік береді…».

Жаңа кабинеттер жоғары технологиялы медициналық құрылғылармен толық жабдықталған. Енді пациенттер қажеттілікке қарай КТ және МРТ тексерулерінен бір күннің ішінде қатар өте алады. Ашылу салтанатына арнайы қатысқан мәскеулік хирург жаңа мүмкіндіктерге жоғары баға берді.

Александр Жигашев, Мәскеу қаласынан келген хирург: «Әзірге толық көлемде танысып үлгермедім, бірақ көргенім – медициналық көмекті жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар. Қазіргі таңда Шымкентте халықаралық лапароскопия мектебін ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл жобаға Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен хирургтар қатыса алады. Мамыр айының басында алғашқы ірі шеберлік сабағын өткізу жоспарланып отыр. Бұл – үлкен бастаманың алғашқы қадамы».

Айта кетейік, жаңа кабинеттердің ашылуы қала тұрғындары үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, онкологиялық ауруларды ерте анықтау мүмкіндігін кеңейтеді.

Лаура Нахыпқызы