Úı ANONS Шымкентте 16 мектепте тіс емдеу кабинеті бар

Шымкентте 16 мектепте тіс емдеу кабинеті бар

«Болашаққа сау тіспен». Енді шымкенттік оқушылар мектепте тістерін  дәрігерлерге тексертіп, профилактикалық ем-шара қабылдайды. Яғни, стоматологиялық ауруларды ерте диагностикалау, ауыз қуысының гигиенасы ережелерін  білу бойынша тиісті ақпарат алады. Мұндай кабинеттердің саны қанша? Қандай мектепте бар?

Қала мектептерінде алғашқы стоматологиялық кабинеттер жұмысын бастады. Енді оқушылар мектептен шықпай-ақ, тіс дәрігерінің тексеруінен өтіп, профилактикалық көмек ала алады. Олардың бірі 10 сынып оқушысы — Кәусәр Балтабай. Ол стоматологиялық кабинеттердің ашылғанына қуанышты. Айтуынша, енді тіс дәрігерін іздеп, немесе сабақтан сұранбаймыз дейді. Сонымен қатар, уақытымызды тиімді пайдалануға мүмкіндік бар деп отыр.

КӘУСӘР БАЛТАБАЙ, ОҚУШЫ: «Менің өзіме қатты ұнады. Қазірдің өзінде тісімді тексеріп берді. Мен үшін тиімді. Басқа оқушылар үшін де тиімді болады деп ойлаймын. Әсіресе ҰБТ болған кезде уақытым көп болады деп ойлаймын. Қандай пайдалы тағамдар жеу керек екенін айтып берді. Қазір менің жасым 16 — да. Тістерімді өз жасыма сай деп айтты».

Дәрігерлер мектеп ортасында стоматологиялық қызмет көрсету балалардағы тіс ауруларын уақытында анықтауға және емдеуге мүмкіндік береді деп отыр. Бұл әсіресе ата-аналардың жұмысбастылығы мен емханаға баруға уақыты жоқ жағдайларда тиімді көрінеді. Сонымен қатар, егер тіс күрделі емді қажет етер болса, тиісті дәрігерге жолдайды.

ЖАНАР ӘЛИАСҚАРҚЫЗЫ, СТОМАТОЛОГ-ДӘРІГЕР: «Бұл жерде профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Біріншіден, гигиена, тазалау жұмыстары жүргізіледі. Мөрленген фиссур болады. Фторлакпен жабылатын  жұмыстар жүргізіледі. Ал, тіс жиегінің асқынған түрлері оларды үшінші емханаға жіббереміз. 1-ші ай азаннан бастап түске дейін, одан кейінгі кезекте түстен кешке дейін жұмыс жасаймыз. Неге десеңіздер, барлығын бір реттеп көріп алу керекпіз(.

Айта кету керек, бұл жоба Президенттің тапсырмасымен және «Болашаққа – сау тіспен» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан, барлық кабинеттер заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бүгінге дейін Шымкентте  толық қондырғылармен жабдықталған 16 стоматологиялық кабинет ашылып, жұмысын бастады.

Айта кетейік, қала бойынша 2025 жылдан 2028 жылға дейінгі кезеңде оқушылар саны мыңнан асатын орта білім беретін мектептерде 87 стоматологиялық кабинет ашу жоспарлануда.

Нұргүл Жолымбетова