Педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережесі қоғамда, әсіресе мұғалімдер арасында қызу талқыланып жатыр. Бұл жаңалықты бірі қолдаса, бірі қарсы. Пікірталас күшейген тұста министрлік құжаттың әлі соңғы нұсқа еместігін мәлімдеді. Жаңа талаптар мұғалімдерге қандай өзгеріс әкеледі? Санат пен жалақы өсе ме, әлде қағазбастылық көбейе ме?
Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережесінің жобасын талқылауға салды. Бұған келіскендер де, келіспегендер де табылды. Әлеуметтік желіде шу болып, қарсы шыққандар түрлі пікір білдірді. Көп өтпей милистрлік «Бұл жоба, соңғы редакция емес» деп мәлімдеме жасады.
«Педагогтер қауымдастығының, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстары министрлік үшін маңызды. Ашық әрі мазмұнды талқылау нәтижесінде тиімді және әділетті жүйе қалыптастыру көзделеді»
ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ
Министрлік жанындағы қоғамдық кеңестің төралқа мүшесі Өмір Шыныбекұлының пікірінше, педагогтарды аттестаттау қоғамда дау тудырғанымен, бірінші кезекте оқушылар үшін керек. Ал мұғалімдерді қамшылауға, білімін жетілдірудің құралы іспетті. Бұған қоса санат өседі, жалақысы көтеріледі. Десе де аттестаттаудың жаңа үлгісінде де шикіліктер бар көрінеді.
ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫ, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАЛҚА МҮШЕСІ: «Ал кешегі шыққан жобаға келсек, авторлық бағдарлама алып тасталғанымен халықаралық журналдарға мақала беру міндеттелген. Ағылшын тілін білу міндеттелген. Жалпы қағазбастылықты көбейтіп жіберген сияқты. Мұғалімдерді жаңашылдыққа итермелейді. Бірақ не ескерілмеген? Мысалы, ауылдардағы пән кабинеттері жоқ, интернеті жоқ мектептердің жағдайымен барлық жағдай жасалған келешек мектептердің жағдайы бірдей қарастырылған. Ескерілмеген».
Өмір Шыныбекұлы жобаны қоғамдық талқылауға шығармастан бұрын қоғамдық кеңестің талқысына салу маңызды. Мұнда министрлік асығыстық жасады дейді. Ал министр Жұлдыз Сүлейменова педагогтерді аттестаттау жобасына қатысты әрбір пікір маңызды екенін хабарлап, ешбір сұрақ жауапсыз қалмайтынын айтқан еді.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСРІ: «Барлық жолдаған сұрақтарыңыз, уатсап, фб, инстаграмм, тикток мессенжер… келген барлық сұрақтарыңызды өзіміз зерделедік. Сұрақтарды бірнеше топқа біріктірдік».
Аттестаттау туралы пікір көбейген кезде министрлік арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, жан-жақты түсіндіретінін хабарлады. Айта кетейік, жоба қабылданатын болса 2027 жылдан бастап күшіне енеді.
Дилара Иса



