Úı ANONS «Пышағы бар»: Түнгі төбелеске қатысқандар ұсталды

«Пышағы бар»: Түнгі төбелеске қатысқандар ұсталды

Шымкентте тағы бір түнгі төбелес оқиғасы тіркелді! Көшенің қақ ортасында жанжал шығарғандар қолға түскен. Оқиға орнында пышақ та болған. Сонымен күдіктілерге қандай айып тағылды? Қалада бұзақылық көбейді ме? Статистика не дейді?

Әлеуметтік желіде көшенің қақ ортасында ер адамдардың төбелескен видеосы тарап кетті. Одан екі тараптың бірін-бірі ұрып жатқаны, әйелдердің айқайы естіледі. Жанжалға қатысқандарды полиция қызметкерлері ажыратып, төбелескендерді алып кетуге тырысқаны байқалады.  Оқиғаға қатысушылардың  кейбірі тіпті пышақ алып жүргені байқалады.

 

Бейресми ақпаратқа қарағанда, оқиға Сәуле ықшам ауданында болған. Оқиғаны полиция да растады. Қылмыстық кодекстін «Бұзақылық» бабымен іс қозғалғанын хабарлады. Оқиғаға қатысқандардың барлығы полиция бөліміне жеткізілген, күдіктілер қамауға алынған.

«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жанжал жолдағы жағдай кезінде туындаған — қатысушылар арасында қозғалысқа кедергі келтіру мәселесіне байланысты дау шыққан. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде»

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

Қоғамдық орындарда бұзақылық жасау, төбелесу, айқай-шу шығару, бір сөзбен айтқанда қоғамдық тәртіпті бұзу заңға қайшы. Десе де соңғы кезде қоғамдық орындарда болған төбелес, жаға жыртысу сияқты бұзақылық әрекеттер желіде тарап жатыр. Полиция қайта-қайта мұндай әрекеттер жазасыз қалмайтынын да ескертіп тұр. Кез — келген құқық бұзушылық заң аясында қатаң түрде тоқтатылатыны да бесенеден белгілі. Онда неге жол үстіндегі бұзақылық тоқтамай тұр?

 

Бас прокуратураның ресми мәліметінше, наурыз айына дейін Қазақстанда «Бұзақылық» бабымен 284 қылмыстық іс тіркелген. Оның 30-ы Шымкент қаласында болған.  Салыстырмалы түрде алғанда өткен жылы дәл осы баппен 13 іс тіркелген. Яғни, биыл мұндай құқықбұзушылыққа барғандар саны еселеп өскен.

Дилара Иса