«Сөйлей бастадық…» Аутизмі бар балаларды қоғамға бейімдеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Шымкентте ерекше балаларға қандай қолдау көрсетіліп жатыр? Ата-аналардың жанайқайы мен мамандар пікірі қандай?
Қала тұрғыны Бақытгүл Құлназардың аутизм диагнозы қойылған қызы Раяна 8 жаста. Ол соңғы бір жарым жылдан бері «Қамқорлық» оңалту орталығына келеді. Бұл үшін 3 жыл кезек күткен. Оның айтуынша, балаларды үйде ұстамай, қоғамға бейімдеу маңызды. Бұл үшін аутизмі бар балғындарды тұрақты дамыту керек.
БАҚЫТГҮЛ ҚҰЛНАЗАР, РАЯНАНЫҢ АНАСЫ: «Осы орталыққа келгелі 1 жылдан асты. Бұл уақыт ішінде дефектолог, логопед, психолог мамандардан қызмет алу арқылы менің, еңбек терапиясы арқылы жағдайы жақсарды. Дефектолог арқылы сөйлеуге, сөйлем құрауға жәймен келе жатырмыз. Бізге бұл орталықты көмегі өте көп».
2 сәуір Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні. Ата-аналар бұл мереке емес, өте ауыр күн деп есептейді. Мамандардың сөзінше, дәл қазір аутизммен ауыратын бала көбейген. Оларды қоғамға бейімдеу, түзеу емдеу әдісі де жаңарған. «Аутизм – ерекше әлем» қоғамдық қорының жетекшісі Әсел Үсенбаева ерекше балаларға мемлекетік деңгейде қоғам болып көмектесу керек деп санайды.
ӘСЕЛ ҮСЕНБАЕВА, «АУТИЗМ – ЕРЕКШЕ ӘЛЕМ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Меніңше, қазір әрбір екінші адам аутизм дегеніміз не екенін жақсы біледі. Бұрын бұл өте сирек кездесетін. Қазір көп отбасына таныс. Аутизмнің себебі анықталмаған. Көбіне сыртқы факторлардың әсері көп екенін айтады. Десе де нақтылық жоқ. Біздің балаларға ең бастысы не керек? Бірінші кезекте – түзеу, емдеу. Мүмкіндік болса, заманға сай мамандардың өзінің білімін де жетілдірген абзал».
Қалалық білім басқармасының дерегінше, ерекше білім беруді қажет ететін бала саны жылдан жылға өсіп жатыр. Сәйкесінше, оларды қолдауға арналған іс-шаралар күшейтілген. Ресми дерек бойынша, қалада аутизм және аутизм спекторы бар бала саны 452-ге жеткен.
ГАУҺАР БАЛДАНБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ М.У.А.: «Бұдан 7-8 жыл бұрын мұндай аутизм, аутизм спекторы бар балалар жарым-жартылай мектеппен, балабақшамен қамтылатын еді. Дәл қазіргі кезде қаламыздағы барлық балалар мектеппен, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен толық қамтылған».
Жалпы қалада мектеп жасындағы 2500-ден аса ерекше бала үйде оқытылады. Ерекше балаларды сүйемелдеу үшін мектептерде педагог-ассистенттер жұмыс істейді.
Дилара Иса






