Úı ANONS Айлықтағы өзгеріс: Салық енді қалай ұсталады?

Айлықтағы өзгеріс: Салық енді қалай ұсталады?

Елімізде жеке табыс салығын есептеу тәртібі өзгерді. Енді жалақыдан салық ұсталмас бұрын 129 мың 750 теңге көлеміндегі стандартты шегерім алынады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 55 мың теңгеден сәл ғана асатын. Жаңа тәртіптің басты мақсаты – жұмыс істейтін азаматтардың табысына түсетін салықтық жүктемені азайту дейді мамандар. 

Елімізде жеке табыс салығын есептеу тәртібі өзгерді. Енді стандартты шегерім мөлшері 55 048 теңгеден 129 750 теңгеге дейін ұлғайды. Яғни, бұл сома жалақыдан алынып тасталғаннан кейін ғана жеке табыс салығы есептеледі. Қала тұрғыны Сара Мырзаханованың айтуынша, ай сайын қолға тиетін қаражат онсыз да мардымсыз. Сондықтан жалақыдан салық ұстамағаны дұрыс деп санайды.

САРА МЫРЗАХАНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Қарсымын ұстауына. Өзі аз ғой ол 150 мың теңге. Менікі мысалы 130 мың теңге осы айдан келесі айға жетпейді түк. Өзім қарсымын ондайға»

Негізінен жеке табыс салығы 10 пайыздық мөлшерлемемен есептеледі. Алайда бұл пайыз бүкіл жалақы көлеміне салынбайды. Биылдан бастап айлық табыстан 30 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сома, зейнетақы аударымы мен міндетті медициналық сақтандыру жарнасы алынып тасталғаннан кейін ғана салық есептеледі. Дегенмен, бұл өзгерістен бейхабар жандар да бар екен.

«Иә, қарапайым халық үшін жақсы бастама. Ол қашаннан бері қолға алынды? — Осы жылы. — Аа өте дұрыс деп айтамын».

«Жоқ, жоқ естіп көрмедім. Ондайдан хабарым жоқ»

«Баяғыда көп емес еді ғой. Өзі өкіметтің бюджетіне түсетін нәрсе ғой. Зейнетақы бар, полициясы бар соларға жұмсалады ғой. Сол дұрыс еді деп ойлаймын»

«Білмеймін нақтысын. Жоқ»

Қаладағы орташа жалақы мөлшері – 390 мың теңге. Өткен жылы жеке табыс салығынан бюджетке 64 миллиард теңге түскен. Ал жаңа тәртіп енгізілген соң бұл көрсеткіштің азаюы мүмкін. Дегенмен, мамандардың айтуынша 150 мың теңге айлық алатындар мүлде салық төлемейді деген пікір шындыққа жанаспайды.

АРҒЫНБАЙ ЖАҚСЫЛЫҚ, ТАЛДАУ ЖӘНЕ ТӘУЕКЕЛДЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ: «Салықтық шегерім дегеніміз жеке табыс салығын есептеу барысында сіздің салық салынатын табысыңыздар азайтылатын сома. Мысалы келтіретін болсақ, брутто жалақыңыз 150 мың теңге болатын болса, бұл жердегі 150 мың теңгеден 10 пайыз зейнетақы жарнасы, 15 мың теңге шегеріледі. Салықтық шегерім 129 750 теңге алынады. Және 2 пайыз МӘМС жарнасы алынады. Сонда салық төлейтін сомма 2 250 теңге. Одан 10 пайыз 225 теңге болады».

Бұған дейін мұндай көлемдегі жалақы алатын азаматтар көбірек салық төлейтін. Стандартты шегерім сомасы ұлғайғанымен, көпбалалы аналарға, мектеп жасындағы балалары бар отбасыларға немесе қымбат медициналық операция шығындарына берілетін әлеуметтік жеңілдіктер бұл жолы қарастырылмаған.

Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға, Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне, сондай-ақ мүгедек бала асырап отырған азаматтарға арналған салықтық жеңілдіктер бұрынғыдай сақталып отыр.

Әсел Мәлік