Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында ауыл шаруашылығы және ветеринария, сондай-ақ құрылыс салаларындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Кеңес мүшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына қатысты және кәсіпкерлерге жүргізілетін тексерулердің заңдылығына қатысты сауалдарын жолдады. Сонымен қатар қаңғыбас жануарларды күтіп-ұстауға бөлінетін қаржы көлемі де қызу пікірталас тудырды.
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында тұрғындарды алаңдатқан бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Кеңес мүшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығына қатысты сауалдарын жолдады. Сөзіне сенсек, кәсіпкерлерге қойылатын талаптар мен бақылау шараларының арасында қарама-қайшылықтар бар екен. Яғни, тексерушілер кейбіреулеріне негізсіз айыппұл салған.
ИСМАИЛБЕК ШАЛАБАЕВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ: «Жұмыртқа, нандарын алып келеді. Өздері барып келеді. Оларға ешкім ақша төлеп жатқан жорқ. Оларға сосын тексеруші келеді. ҚР Сауда министрлігінен. Шымкентте бұрыннан 150 — ден сатылып жатқан нан, неге 200 — ден сатылып жатыр деп, маған келгені сол десе, жоқ ондай болмау керек дейді. Келісімшарт сұраған жоқ. Осындай қарама қайшылықтар болып жатыр. Қалай шешпекшісіңдер».
ТАЛҒАТ МЕКАМБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Әр аудан әкімдіктерінде арнайы комиссия бар. Олар тексеріп жүреді. Олар тексергенде 200 теңгеден сатты деп штраф салмайды. Олар қай бағада салды, содан 15 пайыздан асырып сатса ғана салады айыппұл. Бірақ, 15 пайыздан асырмау керек».
Сондай-ақ жиында қаңғыбас жануарларды ұстау мен күтіп-бағуға жұмсалатын қаржы мәселесі де қызу талқыланды. Қоғамдық кеңес мүшелері бір итті күтіп ұстауға кететін шығын көлемін алға тартып, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына қатысты сұрақ көтерді. Ал жауапты басқарма өкілдері бұл қаржының құрамына жануарларды аулау, тасымалдау, ветеринарлық қызмет көрсету, күтіп-ұстау және қызметкерлердің еңбекақысы кіретінін түсіндірді.
КЕНЖЕХАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ: «Ал осы бір иттің содержаниесі қанша тұрады? Бір итке 2800 теңге кетіп жатыр. Садиктегі балаларға қанеша теңге кетеді?»
«Қызметкердің айлығы бар, тазалау, аулағаны бар. Алып келуі бар. Заң бар ғой».
Бұдан бөлек, қоғамдық кеңес барысында құрылыс басқармасының өкілі де есеп берді. Ол, бұл салада атқарылған жұмыстарын тізбектеп, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Мәселен, қаладағы үйлерді реновациялау, жатақахана мәселесі де тағы көтерілді. Алайдай, кеңес мүшелерін толғандырған кейбір сұрақтар жауапсыз қалды. Десе де, келесі отырыста тағы да талқыланбақ.
Нұргүл Жолымбетова







