Úı ANONS Алматыда стендтік атудан Әлем кубогы басталды

Алматыда стендтік атудан Әлем кубогы басталды

Александр Асанов атындағы ату клубында стендтік атудан Әлем кубогы кезеңінің ашылу салтанаты өтті. Жарыс Халықаралық спорттық ату федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Байрақты бәсекеде 42 елдің үздік мергендері бақ сынамақ. 

 

Қазақстанда нысана көздеуден халықаралық турнир басталды. 2 және 11 мамыр аралығында өтетін жарысқа әлемнің 42 елінен 350 мерген қатысып жатыр. Халықаралық додада спортшылар рейтингтік ұпайлар үшін сынға түседі. Қатысушылар қатарында Аустралия, Германия, Үндістан, Қытай, АҚШ, Түркия, Жапония және өзге де мемлекеттердің өкілдері бар.

 

Жарыс бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасындағы трап және скит, сондай-ақ аралас командалық трап-микс сайысы енгізілген. Салтанатты ашылу рәсіміне Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Халықаралық спорттық ату федерациясының президенті Лучано Росси және халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері қатысты. Турнир Александр Асанов атындағы ату клубының базасында ұйымдастырылды. Айта кету керек, бұл спорт кешені бұған дейін де Азия чемпионаттары мен Әлем кубогы кезеңдерін қабылдаған.

 

Турнир бірқатар ірі серіктестер мен демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Олардың қатарында «Самұрық-Қазына» , «Sport Qory» , KAZ Minerals, «Орталық Азия Электр энергетикалық корпорациясы» және өзге де ұйымдар бар. Ал жарысты өткізуді Қазақстанның ұлттық спорттық ату федерациясы үйлестіреді. Байрақты бәсекені өткізудегі басты мақсат — спортшылардың халықаралық рейтингін арттыру. Сонымен қатар бұл дода спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби деңгейін көтеруге де мүмкіндік береді.

 

Стендтік атудан Әлем кубогы — рейтингтік турнир. Ол спортшыларға Халықаралық спорттық ату федерациясының (ISSF) әлемдік рейтингіндегі өз орындарын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жарыс нәтижелері 2028 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алу жолындағы іріктеуге де әсер етеді.

Лаура Бабас