Тренажерде жаттығу: дұрысы мен бұрысы

1342

Қаладағы адам аяғы көп жүретін орындарда спортсүйер қауымға тренажер алаңшалары салынды. Онда түрлі тренажерлер қойылған. Жаттығуға келіп, бой қыздыратындар да көп. Әйткенмен, сол тренажерлерде дұрыс жаттыға білеміз бе? Өйткені, кәсіби тренерлер көпшіліктің тренажерде дұрыс жаттығудың әдісін білмей, теріс жаттығатынын, ал мұның денсаулыққа зиян екенін айтады. Сондықтан да фитнес-тренермен бірге тренажер алаңшаларына барып, маманмен бірге жаттығып көрдік.

Дұрыс жаттықпаса, денсаулыққа зиян
Сапарымызды «Абай» саябағынан бастадық. Мұнда 11 тренажер құрылғысы орнатылған екі алаңша бар екен. Фитнес бойынша сертификатталған жаттықтырушы, жеңіл атлетикадан спорт шебері Артур Лагутин спорттық тренажерда қалай шыныққан дұрыс екенін көрсетті.

Аяқ бұлшықеттерін жаттықтыруға кірісуден алдын сіңір тартылып қалмас үшін аяқтарды керу керегін айтты. Яғни, аяқ саусақтары жоғары қарайтын күйде аяқты басқа қарай тартып, осы қалыпта 30 секунд тұру міндетті.

Сонымен, жаттығуға кірістік. Бұл тренажер арқа бұлшық еттері және бицепсі (қолдың алдыңғы жоғары жағында орналасқан қол бұлшықеті ), кеуде, көкірек бұлшықеттерінің ширатылуына арналған. Жаттықтырушының айтуынша, темірді ұстаған кезде қолды өзіңе қаратып жаттығу қажет. Сонда тиімді әсері болады екен. Алақанды сыртқа қарата ұстау еш пайда бермейді. Ал іштегі ауаны шығарғанда спорт құрылғыны өзіңізге тартасыз, сосын бастапқы қалыпқа түскенде ауа жұтасыз. Бұл да маңызды.

Келесі тренажерді көрген Артур Лагутин бұл құрылғының зиян екенін айтты. «Тренажер алаңшаларындағы кейбір спорттық жабдықтарды мүлдем алып тастауға кеңес беремін», – деген ол, егер жасыңыз 40-тан асқан немесе жарық (грыжа), протрузия, арқа-бел ауруларының белгілері болса, бұл тренажерді мүлдем қолдануға болмайтынын айтты. Себебі, бел омыртқалары қозғалып, созылмалы ауру асқынады екен.

Бұл велотренажер деп аталады. Дененің төменгі бөлігіндегі – аяқ пен бөксенің бұлшық етін шынықтыруға арналған. Жаттықтырушының айтуынша, велотренажерде жаттығу – жүрек-қантамыр жүйесі патологиясының алдын алады. Сонымен қатар, дұрыс және жүйелі жаттығу қан қысымына қолайлы әсер етеді. Гипертония, тромбоэмболия, инфаркт және т.б. ауруларды болдырмайды. Бірақ, дұрыс жаттығу керек. Артур Лагутин бұл велотренажерда тек отырып қана педальды айналдыруға болатынын, тұрып айналдырғанда денсаулыққа пайдасынан гөрі зақымы көп екенін ескертті. Және де 15-20 минуттан кем жаттықсаңыз, нәтиже бермейді.

Мына тренажер аяқ, сан және бөксе бұлшықеттеріне арналған. Орындықтың арқасы мен сіздің арқаңыз арасында ешқандай бос орын қалмағанын, яғни тығыз болуын қадағалаңыз. Аяғыңызды темірдің тірегіне қойыңыз – бұл бастапқы қалып. Жаттықтырушының сөзінше, көп жағдайда адамдар салмақты қолға түсіреді. Бұл – қате, өйткені салмақ аяққа түсуі керек. Тыныс алуға, ауаны жұту мен шығару қалпына мән беріңіз. Бастапқы қалып – аяқты темірдің тірегіне қойып, арқаңызды орындықтың арқасына тығыз тигізіңіз. Ауаны шығарған кезде, темір тіректі аяқпен итересіз, міндетті түрде тізеде бұрыш қалдырыңыз. Толығымен аяқты жазуға болмайды, ауа жұтқан кезде бастапқы қалыпқа келіңіз.

Таңертең жаттығамыз ба, кешкісін бе?

Тренажер алаңшасында жүрген қала тұрғындары мұнда кәсіби жаттықтырушының келгенін көріп, «таңертең жаттыққан дұрыс па, әлде кешқұрым ба?» деп сұрады. Тренердің айтуынша, жаттығумен кез-келген уақытта айналысуға болады.
— Ең бастысы, алдымен ағзаны оятып, бойға қан жүгіртіп, сосын барып қана көп күш жұмсауды қажет ететін жаттығуларға кірісу керек. Жаттығудан алдын тамақ жемеген дұрыс. Жаттығудан кейін 1,5 сағат өтпей, ұйқыға жатуға болмайды, – дейді Артур Лагутин.
«Абай» саябағындағы екі алаңшаға орнатылған тренажерлердің барлығы бәз қалпында, жаңа күйінде сақталған. Айналасы тап-таза. Көбіне жасы 40-тан асқан азаматтар жаттығып жүр. Солардың бірі – Тұрғанбай Мұздақпаев. Ол екі жылдан бері достарымен күн сайын осындағы тренажер алаңшасына келіп жаттығады.
Айтуынша, жас ұлғайғанымен денсаулық жасармайтыны анық. Сондықтан барынша салауатты өмір салтын ұстануға тырысады.

Тұрғанбай МҰЗДАҚПАЕВ, қала тұрғыны:
— «Немерем №1 мектеп-гимназиясында оқиды. Күнде таңертең сағат 8:00-де оны мектепке апарып, қайтарда осы саябаққа келемін. Тренажер алаңшасына келгенге дейін, бойыма қан жүгіріп қалады. Кейін бірден тренажер алаңшасындағы спорт элементтерінде жаттығамын. Жасы келген адамға фитнес залдарына баруға мүмкіндік бола бермейді. Көбісінің қалтасы көтермейді. Ал бұл алаңшалар ашық аспан астында, таза ауада орнатылған. Ешкім сенен бір тиын да сұрамайды.

Тренажерлердің жағдайы мәз емес
Иә, ашық аспан астындағы тренажерларда жаттықанға ешкім ақы сұрамайтыны рас. Және кез-келген уақытта келіп, шынығуға болады. Әйткенмен, Еңбекші ауданына қарасты «Жеңіс» саябағындағы тренажер алаңшасының жағдайы мүлдем басқа.

Мұнда жаттығуға келген кісі көрмедік. Тренажерлардың тозығы жетіп, пайдалануға жарамсыз күйде. Мұның мән-жайын білу үшін, Еңбекші ауданы әкімдігінің инфрақұрылым және көріктендіру бөліміне хабарластық. Олар да бұл жайттан хабардар екен. «Тек соны жөндеуге қаржы қарастырылмаған» деп отыр.

Бақтияр ТҰРАБЕКОВ, Еңбекші ауданы әкімдігінің инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы:
— «Тренажер алаңшаларындағы спорттық жабдықтардың көбі пайдалануға жарамсыз. 2018 жылдың бюджетті нақтылау отырысында қаржы бөлуге ұсыныс енгізілген, алайда қаржы бөлінбеді. Соған байланысты, келесі бюджетті нақтылау отырысына ұсыныс қайталап беріледі».

«Үмітсіз шайтан». Келер жолы қаржы бөлініп, тренажерлар спортсүйер қауымға қайта тапсырылатынына сенелік.
Артур Лагутин мұндағы жағдайды көргенде: «тренажер алаңшаларын бұл күйге дейін жеткізбеудің жолы жоқ па екен?» деген сұрақ қойды. Жауапты мамандардан сұрастырып білгеніміз, тренажер алаңшаларына арнайы күтім жасап, күзететін топ жоқ екен. Әр алаңшаны, орналасқан жеріндегі саябақ қызметкерлері қадағалап отырады. Мұндайда тұрғындардың да атсалысуы қажет-ақ.

Мұхтар ШАХАНОВ, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары:
— Тренажер алаңшаларының барлығын бірдей нашар жағдайда деуге келмейді. Сынып, бүлінгендерін қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін алғашқы қадамдар жасалды. Енді тек қаржы бөлінсе, бірден кірісеміз. Бір өкініштісі, салынғанына 5 жыл болмаған спорттық құрылғыларды бұзып-сындырғандар кім? Сол тұрғындардың өзі емес пе? Рейд жұмыстарын жасағанда көретініміз – жастардың кейбірі жаттығуға емес, көңіл көтеруге, ойнауға баратын сияқты. Бет-алды секіреді. Содан қалай ғана бұзылмасын? Қала тұрғындары да жанашырлықпен қарап, ұқыппен ұстаса екен.

Тағы алаңшалар салына ма?
Тренажер алаңшалары орнатылған саябақтарды аралап жүргенімізде мұнда келетін тұрғындар күнде саябаққа келуге мүмкіндік бола бермейтінін айтты. Олар сондықтан үй аулаларында алаңқайлар салып беру өтініштерін қала әкімдігіне жеткізуімді сұрады.

Бақыт Мелдебеков, Әл-Фараби аудандық инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы:
— Бастапқыда «қалада тренажер алаңшалары салыну керек» деген тапсырма келгенде нақты мына-мына мекенжайға орнатыңыздар деп көрсетпеді. «Тек қоғамдық спорт ортасы қалыптассын» деген тапсырма келді. Ақылдаса жүріп, саябақтар мен аллеяларда салуды жөн көрдік. Әр аулаға орнатсақ, онда ол жалпы қоғамдық емес, тек бір үйдің тұрғындары үшін ғана салынғандай болып қалады. Сонда да халқы тығыз, ауласы кең үйлердің жанында 4-5 элементті тренажерларды қоюды көздеп отырмыз. Мақұлданса болғаны.

2014 жылдан бері Шымкентте ашық аспан астындағы 17 тренажер алаңшалары ашылды. Әрқайсысы түрлі жаттығуларға арналған 10-11 спорттық элементтерден тұрады. Тренажер алаңшаларының орналасқан мекенжайы:
Абай ауданы:
Абай саябағында 2 алаңша;
Металлург саябағында 2 алаңша;
Жиделі елдімекеніндегі алаңшалары орнатылған.
Әл-Фараби ауданында:
«Шәмші әлемі» аллеясы;
Тәуелсіздік саябағы;
«Қошқар ата» өзені жағалауы;
Т.Тәжібаев атындағы аллеяда;
Орталық саябақ
Еңбекші ауданында:
«Жеңіс» саябағы
«Жандарбеков» гүлзары
Т. Рұсқұлов ескерткішің алаңы
Елшібек батыр көшесі (Еңбекші ауданы ІІБ жанында)
«Теріскей» ш/а №50
12 ш/а Уәлиханов №221
18 ш/а №76
Елшібек батыр №114,116а аулаларында бар.
Қаратау ауданы
С. Байтереков атындағы аллеяда ғана тренажер алаңшасы бар

 

Ал, Абай аудандық инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің мамандары тұрғын үй және коммуналдық-шаруашылық бөлімі мақұлдап қаржы бөлінсе, Самал-1 шағын ауданындағы Өтегенов, Малхаров көшелерінде, Шұғыла шағынауданындағы Жаңа қоныс көшесінде үш аллея салуды көздеп отыр. Әр аллеяда тренажер алаңшасы да болатынын айтады.

Қаладағы тренажер алаңшалары бойынша туындаған сұрақтар жөнінде хабарласу телефондары: (аудан әкімдіктері)
Қаратау ауданы: 49-10-50
Әл-Фараби ауданы: 53-01-31
Еңбекші ауданы: 43-30-40

Сондай-ақ, Шымкент қаласында мектептердің жанынан және үйлердің ауласынан қоршауға алынған және алынбаған 320 спорт алаңшалары бар екен. Мұнда көбінесе мектеп оқушылары баскетбол, волейбол, футбол және теннис ойнап, тегін жаттығады. Шымкент қаласының денешынықтыру және спорт бөлімінің мамандарының сөзінше, биыл тағы 78 алаңшаның құрылысын бастау көзделіп отыр.

Сонымен тағы да тренажер алаңшалары салынады. Әзір де пайдалануға берілгендері айтарлықтай бар. Тек соны қолданатын жұртшылық, мына сіз бен бұқараға арналған дүниеге ұқыптылықпен қарап, дұрыс жаттыға білсек құба-құп.

Әлия ӘДІЛБЕК