Қала әкімінің кезекті қабылдауы өтті. Бұл жолы қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі инфрақұрылымға қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жол сапасы, ауыз су, кәріз жүйесі, көше жарығы, қоғамдық көлік қатынасы мен балалар ойын алаңдарының жай-күйі сөз болды. Сонымен қатар, қабылдау барысында алғысын арқалай келген азаматтар да кездесті.
Қабылдауға келгендердің бірі, Әл-Фараби ауданының тұрғыны Латифа Сағындықова. Ол ауладағы мемлекетке тиесілі жерді меншіктеп алған кәсіпкердің қылығына наразы. Айтуынша, талай рет полицейлер, тіпті әкімдік қызметкерлерімен бірге барып, мәселені шешуге тырсқан. Алайда, кәсіпкер ескертуді құп алмады деп отыр.
ЛАТИФА САҒЫНДЫҚОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Қасындағы жерді де қосып алып, балалардың футбол ойнайтын жерін қосып алып, оларды қуып отыр. Ақшасы бар адамда. Әкімдікте, полицияда бәрі біледі. Олар келіп, заборын барлығын аштырды. Олар кеткен соң, қайтадан жауып алды. Ешқандай документі жоқ. Мен тағы келіп отырмын. Сол мәселемен. Жерді алып берсін».
МАРАТ ТӘЖІБАЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Тұрғындардың қатысуымен қоршаған қоршаудың біразын кесіп алып тастағанбыз. Қайтадан қоршап алды деп уәжін айтып отырмыз ғой. Қайтадан ол кісіге ескертеміз. Болмаса, айыппұл салдырамыз. Тиісті шара қолданамыз».
Дегенмен, барлық мәселе сол жерде бірден шешімін тапты деу қиын. Кейбір өтініштерге байланысты қосымша құжаттар қажет болса, енді біріне уақыт керек. Мәселен, кәріз жүйесіне қатысты проблемамен келген қала тұрғыны мардымды жауап ала алмадым деп отыр.
ӘМІРБЕК ДҮЙСЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Айналамыздың барлығы кәріз жүйесіне қосылған. Бізде әлі жоқ. Қаратау ауданы Алатау көшесі, Абылайхан көшесі, бір жағында Ыбырай Алтынсарин. Сол квадрат. Мамандардың айтуынша 3-4 жылсыз шешілмейтін көрінеді. Әкімге айтайын десек, кезек дейді. 6 айдан асты. 7 ай болды ғой. Жазылғаныма».
«Тассай ауылында столбылар бұрынғы ағаш еді. Солар құлайын деп тұр. Соны келіп жөндеп беретін болды».
Қабылдауға келгендердің бірі мәселемен емес, аудан әкіміне алғыс айтып, гүл сыйлауға келген. Азаматша, Әл-Фараби ауданының әкімі проблемасына ат үсті қарамай, шешілуіне қол үшін бергені үшін ризашылығын білдірді.
Жалпы, қабылдау барысында бірқатар түйткілдердің түйіні тарқатылып, нақты шешімдер қабылданды. Ал шешімін күткен мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Нұргүл Жолымбетова






