Úı ANONS Жалған терроризм: 75 қылмыстық іс тіркелген

Жалған терроризм: 75 қылмыстық іс тіркелген

Қазақстанда  жалған терроризм хабарламалары көбейген. Биылдың өзінде ондаған дерек тіркеліп, кінәлілерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ескерген жөн, тіпті «әзіл» үшін таратылған ақпараттың өзі ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Жалған хабар таратқандар қалай анықталады және оларды қандай жаза күтіп тұр? 

 

Биылғы жылдың алғашқы үш айында Қазақстанда терроризм актісі бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша 75 іс тіркелген. Бұл өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда, 5 іске артық. Өткен жылда қозғалып, тергеуде жатқан істермен қоса алғанда 97 іс өндірісте тұр. Шымкентте де, Түркістан облысында да салыстырмалы түрде алғанда қылмыс саны артқан. Ішкі істер министрлігі бұл үшін жауапкершілік бар екенін ескертеді.

 

БЕЙБІТ БІРЖАНОВ, ІІМ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ  ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: «Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекстің  273-бабына сәйкес  жауапкершілік көзделген. Жарылғыш зат, қоб немесе қоғамдық қауіпсіздікке өзге де қауіптер туралы жалған ақпаратты байланыс құралдары , интернет ресурстар, мессенжерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тарату фактілері тіркелуде».

Министрлік мұндай әрекеттер әзіл-қалжың түрінде жасалса да қылмыстық құқық бұзушылық екенін, жасаған адам жауапкершілікке тартылатынын еске салады. Көпе-көрнеу  терроризм туралы ақпарат тарату қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, жаппай эвакуациялар мен кез-келген мекеменің жұмысының тоқтауына алып келеді. Мұндай әрекетке барғандарды қандай жаза күтіп тұр?

 

БЕЙБІТ БІРЖАНОВ, ІІМ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ  ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: (Бұл қылмысты жасағаны үшін заңнамаға сәйкес бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған. Осындай барлық хабарламалар міндетті түрде тексеріледі. Ал оларды таратқан тұлғалар заманауи цифрлық және техникалық  құралдарды қолдану арқылы анықталады».

Құқық қорғау органдары тұрғындарға тексерілмеген ақпараттарды таратпауға шақырады. Балалар мұндай әрекетке барған жағдайда ол үшін ата-анасы жауапты. Бас прокуратураның дерегінше, 2025 жылы  Қазақстанда  терроризм актісі бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен 293 қылмыстық іс тіркелген. Оның үшеуі Шымкентте жасалған. Үш істің бірінде әйел адам күдікке ілінген.

Айта кетейік, қаңтар айында Шымкентте телеграм арналардың бірінде білім беру мекемелеріне қатысты қоқан-лоқы мазмұндағы хабарламалар пайда болған еді. Ақпарат әлеуметтік желіде жылдам тарап кеткен. Көп өтпей полиция азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырған. Бұған қатысты тергеу бастап, қауіпсіздік шараларын күшейткен. Ал бұдан шошынған кей ата-аналар балаларын мектепке жібермей қойған.

Дилара Иса