Түркістан облысында болған жол-көлік оқиғасы 7 адамның өмірін қиды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға Бәйдібек ауданындағы Шаян-Екпінді автожолында түнде болған. Алдын ала мәліметке бойынша, тасжолда Toyota Camry және Volkswagen Passat автокөліктері соқтығысып, 7 адам тіл тартпай қаза тапқан. Жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Бейресми ақпаратқа қарағанда, жол апатына түскендер жанып кеткен. Оларды алтауы бір ауылдың тұрғындары болуы мүмкін.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және процессуалдық шаралар жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданатын болады»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ
Облыстық полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауды, жол және ауа райы жағдайларын ескеріп жылдамдықты асырмауды сұрайды. Сондай-ақ көлік құралын басқару кезінде барынша мұқият болуға шақырады. Айта кетейік, өткен жарты жылда Қазақстанда 15 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. 21 мыңнан аса адам жарақат алып, олардың 807-сі қаза болған. Қаза болғандардың саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен алты айдың ішінде 131 адам қайтыс болған.
Дилара Иса






