Úı ANONS Нұрайдың ісі: Күдікті тағы екі баппен жауап беретін болды

Нұрайдың ісі: Күдікті тағы екі баппен жауап беретін болды

21 жастағы Нұрай Серікбайды пышақтап, өлтірген күдіктіге тағылған айып ауырлады. Енді ол аса ауыр қылмыстық аса қатыгездікпен жасады деген күдікке ілінді. Жәбірленуші тарап күдіктіден бөлек әрекетсіздік танытқан өзге қызметкерлер мен мекемелердің үстінен де шағымданған.

Кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі Қылмыстық кодекстің 3 бабымен тергелетін болды. Бұл туралы жәбірленушінің туыстары мен қорғаушысы мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда күдікті «Аса қатыгездікпен адам өлтіру», «Сталкинг» және «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабымен тергеліп жатыр.

СҰЛТАН СЕРІКБАЙ, МАРҚҰМ НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫҢ АҒАСЫ: «Аса ауырға ауыстыру үшін біраз дәлелдер керек. Біраз материалдар керек болды. Оған жетпей «Некеге тұруға мәжбүрлеу», «Сталкинг». Сол үш бап бойынша тергеу процесін жүргізейін деп жатыр. Қанша жылға сотталады, сотталмайды ол сот барысында белгілі болады. Біздің мақсатымыз өмір бойына бас бостандығынан айыру».

Полиция әуелі «Адам өлтіру» бабымен іс қозғаған еді. Артынан марқұмның туыстары бұдан бұрын күдікті Нұрай Серікбайды еркінен тыс алып қашқанын, аңдып, қорқытып-үркітіп, қысым жасағанын мәлімдеген. Олар полицияға арызданғанымен, әрекетсіздік танытты деп айыптаған. Ал қазір полиция іске қатысты 3 баппен тергеу жүріп жатқанын растады.

«Іске қатысты «Аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабы, «Сталкинг» бабы және «Некеге тұруға міжбүрлеу» бабымен тергеу жүріп жатқанын растаймыз»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

Күдікті 2025 жылдың қараша айында марқұм Нұрай Серікбайды еркінен тыс алып қашқаны айтылған. Бұл некеге қыз да, оның отбасы да қарсы болған. Нұрайдың туыстары оның қауіпсіздігі үшін полицияға арыз жазған. Күдікті маңына жоламаймын деп уәде еткен соң Нұрай оған кешірім берген. Десе де ол аңдуын, қысым жасауын тоқтатпаған. Артынан адам өліп, іс насырға шапқанда әрекетсіздік танытқан полицейлер, тіпті қалалық полиция департаментінің басшысы қызметтен шеттетілген еді. Содан кейін тергеуші Нұрай Серікбай өз еркімен некеге тұрмақ болғанын айтып, видео жариялады. Бұл бізге өте ауыр тиді дейді жәбірленуші тарап.

СҰЛТАН СЕРІКБАЙ, МАРҚҰМ НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫҢ АҒАСЫ: «Ондай видеоны салғанда жүрегіміз қысылды. Ол видеоның бар екенін білдік. Бірақ соншалықты Нұрайға қиын болғанын білмедік. Жауапкершілікке тартылуын сұраймыз».

Сұлтан Серікбайдың айтуынша, күдікті Нұрай Серікбайды еркінен тыс алып қашқанда прокуратураға да шағым түсірген. Бірақ нәтиже болмаған.

СҰЛТАН СЕРІКБАЙ, МАРҚҰМ НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫҢ АҒАСЫ: «Біз полицияға арыздандық, кейін прокуратураға арыздандық. Олар да қабылдамай қойған еді. Фактілер жеткіліксіз деп қабылдамай тастаған еді. Сол жазғаннан кейін сталкинг басталды. 102-ге хабарластық. Алмады. Алған кезде де көлік үйдің алдында тұрды. .. қоя салды».

Айта кетейік, 11 қаңтар күні кешке Шымкентте өз үйінің маңында қоғамдық орында 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы бірнеше жерінен пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен еді. Күдікті 2 күн өткенде ұсталған болатын.

Дилара Иса