Шымкент гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің психолог мамандарынан құралған мобильді топ 10216 әскери бөлімінің жас буын мерзімді әскери қызметшілерімен психологиялық тренинг өткізді.
Іс-шараның мақсаты — сарбаздардың әскери қызметке деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру, моральдық-психологиялық ахуалын жақсарту, әскери тәртіп деңгейін арттыру және әскери ортаға бейімделуін жеңілдету.
Тренинг барысында сарбаздармен белсенді жұмыстар жүргізіліп, түрлі психологиялық жаттығулар мен командалық ойындар ұйымдастырылды. Аталған жаттығулар жас сарбаздардың өзіне деген сенімділігін нығайтуға, тиімді қарым-қатынас орнатуға, өзін-өзі бақылау дағдыларын жетілдіруге және қалыптан тыс жағдайларда жедел шешім қабылдау қабілетін дамытуға бағытталды.
— Бүгінгі тренинг жеке тұлғаны дамытуға, психологиялық денсаулықты нығайтуға, өзін-өзі жоғары бағалауға және өз ойын еркін жеткізе білуге жол ашады. Осындай тренингтер мерзімді әскери қызметшілердің эмоционалдық және моральдық-психологиялық ахуалына оң әсер етіп, олардың әскери қызметке тез бейімделуіне ықпал етеді, — деді 35748 әскери бөлімі шабуылдау батальонының офицер-психологы лейтенант Динара Алдунгарова.
Әсіресе, жағымсыз эмоциялардан арылуға, сергектік пен ұжымдық қолдауды сезінуге арналған психологиялық жаттығулар сарбаздарға ерекше әсер қалдырып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Әскери бөлім психологтары сарбаздардың күнделікті хал-жағдайын, тұрмыс-тіршілігін және туындаған мәселелерін тұрақты бақылауда ұстайды. Сонымен қатар, ата-аналарымен байланыс орнатып, сарбаздардың әскери ортаға бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсетеді.







