Бөлме гүлінің пайдасы көп

Гүл өсіру машақатын білгісі келіп, редакциямызға хабарласатын оқырмандарымыз көп. Дегенмен, гүлсүйер қауым бөлме гүлінің пайдасы бар екенін білмейтін сияқты. Ендеше қай гүлдің қандай пайдасы бар екенін біле жүріңіз.

Хлорофитум

Хлорофитум

Хлорофитум – ең пайдалы бөлме гүлдердің бірі. Хлорофитум тұқымдасына жататын өсімдіктердің 215-ке жуық түрі бар. Жапырақтары қияқ тәріздес, гүлдері ұсақ, төрт күлтелі, ақ түсті болады. Жапырақтары уытты заттарды жұтып, ауаны тазартады. Мамандар бұл гүлді, әсіресе, ас үйде және жатын бөлмеге қоюға кеңес береді.

Ала жапырақты хлорофитумды жарық мол түсетін жерге қою керек. Ал, жасыл жапырақтысы көлеңкеде де өсе береді. Құрғақ, ыстық ауада жапырақтарының ұшы қоңырқай тартып, қурап кеуі мүмкін. Сондықтан да су бүркіп тұруды ұмытпағаныңыз жөн. Бұл гүл жазда жиі, қыста сирек суғаруды қажет етеді. Әдемі жапырақтыларға арналған тыңайтқышпен көктемнен күзге дейін екі аптада бір рет қоректендіру қажет.

Көбейту әдісі: Бұл гүлді балапандары және түбін бөлу арқылы көбейтуге болады.

Хамедорея

Хамедорея

Хамедорея – пальма ағашының ең ірі түрі. Оның жүзден астам түрі бар. Мамандар бұл гүлді тас жолға жақын маңда орналасқан үйлерде өсіруге кеңес береді. Өйткені, хамедорея тас жолдан және мәшинелерден бөлінетін бензол, трихлорэтилен сынды зиянды заттарды жұтады. Үй жағдайында хамедореяның Мексика мен Гватемалада өсетін түрлерін өсіреді. Бұл хамедореяның биіктігі 2 метр, әр сабағында алты-жеті, қанат тәрізді жапырақтары болады. Хамедорея үй жағдайында өсіруге өте ыңғайлы өсімдік, көп күтімді қажет етпейді, бірақ баяу өседі. Жаз кезінде оны балконға немесе аулаға шығарып қою қажет. Тек өткір күн сәулесінен және желден қорғау керек. Жазда жиі, қыста сирек суғарылады. Наурыз-тамыз айларының аралығында сұйық тыңайтқышпен қоректендіруді ұмытпағайсыз.

Көбейту әдісі: Түбінен өскіндер пайда болады. Оларды бөліп жеке отырғызады. Немесе тұқым арқылы көбейтіледі. Тұқымдарды 24ºC температурада тамырландыру керек. Ең тиімдісі, хамедореяның дайын көшеттерін сатып алу.

Қазтамақ

Қазтамақ

Қазтамақ – бөлме гүлінің 280 түрі бар. Сабағы тік, сыртын түк жапқан. Қазтамақ илік заттарға бай, оның гүлдерінің құрамында, сабағында танин, бояғыш заттар, кальций мен каротин, С дәрумені мен геранин (эфир майы алынады) бар. Қазтамақтың емдік қасиеті болғандықтан, оны дәрі ретінде қолдануға да болады. Қазтамақтың тамырынан немесе кепкен шөбінен алынған тұнбаны бүйрекке байланған тасты ерітуге, буын мен бұлшық еттің ауруы мен сегіз көзді емдеуге, сондай-ақ, баспамен ауырғанда тамақ шаюға, сүйек сынғанда ванна жасауға, түсе бастаса шашты жууға пайдаланады. Кейбір түрлері әсемдік үшін де өсіріледі. Мамандардың пайымдауынша, қазтамақ тұрған бөлмеде ұрыс-керіс болмайды екен. Ал, ұрыс бола қалған жағдайда өсімдік адамның жүйке жүйесіне әсер ететін зат бөлу арқылы, ұрысып қалғандардарды тез татуластырады екен. Жарық сүйгіш. Жаз айларында аулада күн астында өсіруге болады. Топырағының беті құрғаңқырағанда суғарып тұру қажет.

Көбейту әдісі: Тұқымы, түбін бөлу және сабағын қалемшелеу арқылы көбейтіледі.

Сансевиерия

Сансевиерия

Сансевиерия – бөлме гүлінің 66 түрі бар. Бұл гүл адам ағзасының белгілі бір климатқа бейімделуіне көмектеседі және иммунитетті күшейтеді. Сондай-ақ, бөлмедегі ауа қысымын және ылғалдылықты реттеп отырады. Бөлмеде төселген линолеумнан бөлінетін уытты заттарды жоятын қабілеті бар. Сансевиерия тұмау тиюден қорғайды. Бұл бөлме гүлі жарық таңдамайды. Күн көзінде де, көлеңкеде де өсе береді. Жылына 2-3 рет қайта отырғызуды ұмытпағайсыз. Жаз айларында жиі, қыс мезгілінде сирек суғару қажет.

Көбейту әдісі: Гүлді қайта отырғызу кезінде тамырын пышақпен екі бөлікке бөліңіз де, егіңіз. Немесе жанына шыққан балапандарын тамырымен алып отырғызуға да болады.

Фикус

Фикус

Фикус – ең көп таралған бөлме гүлі. Оның 1500-2000-ға жуық түрі бар. Бұл гүл бөлмедегі көмір қышқыл газын жұтып, оттегіні бөледі. Сондай-ақ, бөлме ішін ылғалдандырып, уытты заттардан тазартады. Жапырақтары арқылы бөлме ішін шаң-тозаңнан сақтайды. Оттегіні күндіз бөліп, түнде жұтатын қабілетке ие фикусты жатын және балалар бөлмесіне қоймағаныңыз абзал. Мамандар фикусты ас бөлмеге немесе терезесі тас жолға қарайтын бөлмелерге қоюға кеңес береді. Жылдың барлық мезгілінде бірқалыпты суғару қажет. Суғаратын судың бөлме температурасы деңгейінде жылы болғаны лазым. Жапырақтарын дымқыл матамен сүртіп тұру керек. Ол фикусқа әрі ылғалдылық беріп, әрі жапырақтарын шаңнан тазартады. Ұсақ жапырақты фикустарға су бүркіп тұру қажет. Фикустың барлығы шіріген көң мен құнарлы топырақты ұнатады. Көктем кезінде топырағының беткі қабатын тазалап алып, жаңа топырақ салып тұрған абзал.

Көбейту әдісі: Қалемшелеу және жапырағы арқылы да көбейтіледі.

Лимон

Лимон

Лимон – цитрустар тұқымдасына жататын мәңгі жасыл ағаш. Оның жабайы түрі болмайды, қолдан өсіріледі. Биіктігі 3-7 метрге жетеді. Бұтақтары тікенекті. Жапырағының жоғарғы ұшы үшкірленген, пішіні жұмыртқа тәрізді, шеттері ара тісті болып келеді. Лимон С дәрумені және темір, эфир майы, кальций, калиге бай. Лимонның жемісін шырын және лимон қышқылын алуға пайдаланады. Мамандардың айтуынша, лимон жапырағының 85 емдік қасиеті бар екен. Лимон өсетін бөлмеде түрлі бактериалар мен ауру туғызатын таяқшалар болмайды екен. Сондай-ақ, мамандар қан қысымы жоғары адамдарға үйінде лимон өсіруге кеңес береді.

Көбейту әдісі: Лимонның тұқымы, қалемшесі және өркендері арқылы көбейтуге болады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

Current ye@r *

Журналисттің авторлық бағанасы

Күнбағыспен күнелткен ауыл

Есімде… Көрші ағамыз бұдан біраз жыл бұрын қырдағы жеріне күнбағыс өсіретін. Сосын үйдегілер жұмысқа кетіп бара жатып: «Құр теледидар қарап, ойнағанша пісте түсірісуге көмектесіңдер барып! Жауын-шашынға ұрынбай ертерек жинап алсын!» деп мықтап тапсыратын. Басқалар да сөйтеді-ау. Өйткені таңертең көршінің бар баласы сол үйден табылатынбыз. Көшедегі екі үлкен әжеміз пістенің гүлін түсіріп беріп отыратын. Ал біздер […]

ЖАҢАЛЫҚТАРДЫ ҚАРАП ЖҮР