Úı ANONS Шаһар аумағына 4 миллионнан астам гүл егіледі

Шаһар аумағына 4 миллионнан астам гүл егіледі

Шымкентті гүлмен көмкеру науқаны қызды. Биыл мамандар шаһар аумағына 4 миллионнан астам гүл егуді жоспарлап отыр. Осылайша мегаполис бұрынғы рекордын жаңартуға ниетті. Қазір бағбандар күні-түні еңбек етіп, көгалдандыру жұмысына білек түре кірісті

Биыл Шымкентте гүл егу көлемі еселеп артты. Өткен жылы қала көшелеріне 2,5 миллион түп гүл егілсе, осы жылы мамандар бұл межені тағы 2 миллионға арттырды. Енді мегаполис ажарын қызғалдақтан бөлек, шырайгүл, сәлбен мен барқытгүл секілді түрлі-түсті өсімдіктер аша түседі.

ИСАТӨРЕ АБДУЛЛА, ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «2025 жылы қалаға 1 млнға жуық қызғалдақ егіліп, 1 млн 200-ге жуық біржылдық гүлдер егілсе. Ағымдағы жылы 4 млннан астам гүл егіп жатырмыз, оның барлығы магистралдық көшелерге, жол жиектеріне, айналма жолдарға егілетін болады»

Гүлдердің жайқалып өсуі үшін мамандар заманауи тамшылатып суару әдісін енгізді. Бұл жүйе суды үнемдеп, өсімдік тамырына ылғалды дәл мөлшерде жеткізеді. Осылайша, жаңа технология көшеттердің күтімін жеңілдетіп, шаһар ажарын ұзақ сақтауға септігін тигізеді.

ИСАТӨРЕ АБДУЛЛА, ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Оларға арнайы автоматтандырылған тамшылату суару жүйесі орнатылып, сырты эстетикалық талаптарға сай габион тастармен қапталатын болады. Бұл өз кезегінде жарты метрге көтеріліп, адамдардың басу қаупі және қыста инертті материал себеміз, солардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған жұмыстардың түрі»

Еске салсақ, былтыр аптап ыстыққа шыдас бермеген біршама өсімдік пен ағаш қурап қалған болатын. Жауапты мамандар биыл мұндай олқылықты қайталамауға бекініп отыр. Олар күтімді күшейтіп, әр көшеттің жайқалып өсуін жіті бақылауға алмақ.

ГҮЛНАР ТҰРСЫНҚҰЛОВА, БАҒБАН: «Күнімен-түнімен тоқтамай істеп жатырмыз. Бізде Шымкентте білесіздер, жазда өте ыстық болады, 40 градусқа дейін ыстық болады. Сол үшін гүлдер қурап қалмау үшін тамшылатып суару шлангтерін қойып жатырмыз, гүлдеріміз өлмеу үшін»

Шымкент көшелерінің ажарын ашатын көшеттер 2 гектарлық жылыжайда бапталған. Мамандар рекордтық межені бағындыру үшін таң атқаннан күн батқанға дейін аянбай тер төгіп жатыр.

Лаура Бабас