Депутаттар: «Тәртіп сақшылары – қауқарсыздық танытуда!»

381
Сарыағаш ауданынан сайланған депутаттың жан айқайы

Оңтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшыларының жұмысы көңіл көншітпейді. Облыс мәслихатының кезекті 25-сессиясына жиналған депутаттар осылай дейді. Халық қалаулырары күнгейдегі құқыққорғау саласы басшысына біраз сын айтты. Әсіресе, өңірде өршіп тұрған мал ұрлығы халықтың ызасын тұдырып отыр. Бұл қылмыстарды ашуға ішкі істер органдарының қауқарсыздығы депутаттарды қатты алаңдатады.

Ішкі істер саласының материалдық техникалық базасын нығайтуға қомақты қаржы бөлініп жатқанын тілге тиек еткен халық қалаулылары күнгейде қылмыс азаюдың орнына артып жатқанын баса айтты. Учаскелік полиция бөлімшелерінің көптеп ашылуы да заңбұзушылыққа тосқауыл болмады. Сарыағаш ауданынан сайланған депутат, тіпті, мал ұрлығымен ұсталғандар қарапайым азаматтарға қоқан лоққы көрсетуде деп ашынады.

Сарыағаш ауданынан сайланған депутаттың жан айқайы
Сарыағаш ауданынан сайланған депутаттың жан айқайы

Амангелді Сопбеков, облыстық мәслихаттың депутаты: «Сарыағаш ауданындағы Әлімтау ауылында мал ұрлығымен айналысқан топ құрықталды. Оларды көліктеріндегі мылтық, балта секілді дәлелді айғақтармен полиция қызметкерлері ұстады. Ертеңіне бостандыққа шығарылғандар жасырын нөмірмен ұялы телефон арқылы ауыл азаматтарына қоңырау шалып, қорқытқан. Тіпті, бір ауылдың қызын зорлап, екі қойға қойшыға сатып жіберген. «Арыз жазсаңдар, сендермен де осындай болады» деп, қоқан- лоққы көрсеткен. Ауылдағы ағайынның бетіне қараудан қалдық. Шара көріледі ме,жоқ па?!»

Бұл фактіге қатысты қызметтік тексеру жүргізетін айтқан облыстың бас полицейі депутаттардан қолдау сұрады.

Асқар Оспанов, ОҚО ІІД басшысы: «Қылмыстың алдын алу – жалғыз полицияның жұмысы емес. Қоғам бірге жұмылуы қажет.  Депутаттардан арнайы комиссия құрылып, көмектесемін десеңіздер, біз дайынбыз. Ал мал ұрлығымен ұсталғандарға келсек, қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Кінәлілер өз жазасын алады. Мен бұл істі қадағалауыма аламын. Ал қоқан-лоққы көрсеткендерге келсек, депутаттық сауалнама жазыңыз, тексереміз. Қылмысқа полиция қызметкерлерінің қатысқаны дәлелденсе, қатаң шара көреміз.»

Қылмысты ашуға көмектескен азаматтарды қорғау алдымен құқыққорғау органдарының міндеті екенін шенділердің ұмытпағаны жөн дейді халық қалаулылары. Елді дүрліктірген мал ұрлығымен күресте біз прокуратура және ішкі істер департаментімен біріге жұмыс жасасақ, қылмысты ауыздықтауға болады деп сенеді депутаттар.