Ұзақ уақыт бойы қордаланған келеңсіздіктертің беті ашылды. Шымкент қалалық әділет басқармасының жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бөлімінде 65 нысанды заңсыз тіркеп, қалалық әділет басқармасының жалған мөрін пайдаланған алаяқтар тобы анықталды. Олар қарапайым азаматтармен жалған құжат арқылы жұмыс жасаған.
Топ құрамында Шымкент қалалық әділет басқармасының — 2, халыққа қызмет көрсету орталығының — 2 қызметкері болған. Оларға аңқау азаматтарды тауып беріп, жалған құжат жасауға көмектескен делдалдар да бар. Бұл туралы ОҚО Әділет департаментінің бастығы Ерлан Дауылбаев мәлім етті.
Айта өтейік, үстіміздегі жылдың 27-тамызында қалалық әділет басқармасында жалған құжаттар жасау фактісі анықталып, осы жайтке байланысты ОҚО әділет департаментінің тарапынан қыркүйек айында тексеру жүргізілген. Бұл іс бойынша қазір құқық қорғау органдары тергеу амалдарын дүргізуде.
Ал алаяқтардың торына түскендердің қолында жылжымайтын мүлікке қатысты шешімдері болғанымен, ол әділет департаментінде тіркелмеген. Тіпті кейбір нысандар құжат жүзінде болғанымен, өмірде жоқ боп шыққан.
Ерлан Дауылбаевтың айтуынша, алаяқтық жасаған қызметкерлер бүгінде жұмыстарынан уақытша шеттетілген. Әлі тексеру жұмыстары жүргізілуде. Алаяқтардың қатары әлі өсуі мүмкін.
Сондықтан Әділет департаментіндегілер зардап шеккен азаматтар болса, тіркелген мүлігінің құжатына күман келтірген жағдай болса, облыстық Әділет департаментіне хабарласуын сұрайды.