Úı ANONS 900 адамды 700 млн. теңгеге алдаған

900 адамды 700 млн. теңгеге алдаған

Шымкентте «Капитал» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасы әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер әлеуметтік желі арқылы азаматтардан 20 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақша жинап, 3–5 күн ішінде 30–50 пайыз табыс уәде еткен.

 

Тергеу барысында салымшыларға төлемдер нақты кәсіптен емес, жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен жүргізілгені анықталды. Психологиялық тәсілдер қолданылып, азаматтарға «жылдам табыс» ұсынылған.

 

Алдын ала дерек бойынша, қаржы пирамидасына 900-ден астам адам тартылып, жалпы 700 миллион теңгеден астам қаражат жиналған.

 

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ: «Жаңа қатысушыларды тарту үшін психологиялық әсер ету тәсілдері қолданылған. Атап айтқанда, «жылдам табыс» туралы уәделер мен уақытпен шектелген ұсыныстар арқылы азаматтар қаржылық тәуекелдерді толық бағаламай, шешім қабылдауға итермеленген. Алайда уәде етілген табысқа кепілдіктер тек ауызша беріліп, нақты кәсіпкерлік қызметпен немесе қандай да бір шарттық міндеттемелермен қамтамасыз етілмеген. Шын мәнінде, салымшыларға төлемдер жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен жүргізілген».

 

  Айта кетейік, қазіргі таңда, тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Мамандар тұрғындарды қысқа мерзімде мол табыс уәде ететін күмәнді жобалардан сақ болуға шақырады.

 

Нұргүл Жолымбетова