Кентау 56 жасқа толды

259
Қала әкімдігіне қарасты бөлімдер осында жиналды

«Қаратау тәжі» атанып кеткен Кентау биыл 56 жасқа толып отыр. Кеншілер қаласы 56 жылда өзінің жұмыскер халқының арқасында аяғынан тік тұрды. Қала тек республикаға ғана емес, Кеңес Одағы көлеміндегі жоғары санатты мамандар дайындаудың тірек орталығы болды. Кентау-табиғаты тамаша, ел-жұрттың ықыласы ауған қала. Көптеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің тағдырлары тоғысқан қалада ынтымақтастықтың көрінісін тұрғындардың бірлігі мен тірлігінен байқауға болады.

Атаулы мерекеге Кентаудың елге танымал тұлғалары мен оңтүстіктің зиялы қауым өкілдері жиналды. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығымен және сүйікті қаласының туған күнімен құттықтай келген олар бірнеше нысанның ашылу салтанатына қатысты. Дәл осы күні күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған қаладағы жұқпалы аурулар бөлімшесі мен салық басқармасы ғимараттарының ашылу салтанатына қатысты. Сондай-ақ, жаңадан бойкөтерген «Болашақ», «Шұғыла» бала-бақшаларының лентасын қиып, балдырғандардың қуанышымен бөлісті.

Айтпақшы, мереке күні қала әкімдігіне қарасты барлық бөлімдер жаңа ғимартқа қоныс аударды. Жасыл желекті шаһардың әсем даңғылдарының бірі-Д.Қонаев даңғылында аллея-авердің салтанатты ашылу рәсімі де аталып өтілді. Қала болашағына бағытталған мұндай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек. Жылдан- жылға елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы артып, қала тұрғындарының әл-ауқаты жақсарып келеді.
Қала жұртшылығы кешкісін «Ынтымақ» алаңына жиналып, қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен үлкен гала-концертке қатысты. Мереке соңы от шашуға ұласып, кентаулықтардың көңілін бір марқайтып тастады.

Туған күніңмен Кентау!