Оңтүстік халқының 78 пайызы таза су ішеді

Сарыағашқа су келді 4

Оңтүстікте биыл 111 елдімекенге таза ауыз су жеткізу үшін құбыр тартылды. Жыл соңында өңір тұрғындарының 78 пайызы таза су ішетін болады. Осындай ауқымды тірлікті атқару үшін облыста 2011 жыл — «Ауыз су» жылы деп жарияланған.

Сарыағаш ауданындағы Біртілек ауылдық округіне қарасты 3 елдімекенге өткен жылы ауыз су мен көгілдір отын жеткізу үшін құбыр тартылып, телефон байланысы орнатылды. 24 шақырым жолға асфальт төселді. Мұнда 17 гектар жерге жылыжай салынған. Аудандағы «Фахриддин» шаруа қожалығының төрағасы Әлімқожа Ахраров бұл ісін алғашында 2 гектар жылыжайдан бастағанын айтады. Жұмысын алға қоюда шаруаға әсіресе, субсидияның шарапаты көп көмегін тигізген көрінеді. Қазір оның иелік ететін жылыжайы 5 гектардан асады. Өнімді алысқа апарып, сабылмайды. Өнім аудандағы тұтынушыларынан-ақ артылмайды дейді ол.

Біртілек ауылдық округінде негізінен 13 елдімекен бар. Үшеуіне таза су тартылған. 4 елдімен жақында тіршілік нәрімен қамтылды. Осы уақытқа дейін тұрығндар таза суды көріш ауылдан тасып ішкен еді.

Бақтияр КЕҢЕСОВ, ауыл тұрғыны: «Бұрындары есек арбамен, флягамен су тасып, қысы бар, жазы бар әупірімдеп су ішіп күн көретінбіз. Әсіресе, жаздыгүні тым қиын болатын. Құдайға шүкір, ауылымызға енді су келіп, реңіміз кіріп қалды. Әрбір үйдің есік алдында бір-бірден құдық бар. Тәуліктің кез келген уақытында су алуға мүмкіндік туды».

Бұл ретте, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов өзге ауылдардағы жағдайдың да жақсарып келе жатқанын еске салады. Яғни, 2011 жылы 5 елдімекенде ұңғыма қазылып, сол маңдағы халық көрші ауылдан су тасымай, ұңғыманың мүмкіндігін пайдалануда. Оған қоса, сол ауылдарға үй-үйге су кіргізіп беру жөнінде жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, ол бүгінгі күні мемлекеттік сараптамада жатыр дейді әкімшілік өкілі.

Облыстағы 900 елдімекеннің 512-сі құбырмен жеткізілетін таза ауызсуды тұтынады. Оған көктемде құрылысы басталып, қысқа қарай біткен 70 ауыл қосылды. Бұл өңірдің 1 млн. 900 мың халқы тіршілік нәрімен қамтылды жеген сөз. Биылдың өзінде 327 шақырым су құбыры тартылды.

Батырша МАХАНОВ, облыстық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары: «Ауызсуы жоқ 30 елдімекеннің құрылыс мәселесіне байланысты республикалық бюджеттен 4,7 миллард теңге қаралса, 81 ауылға облыстық бюджеттен 10,8 миллард теңге бөлініп отыр. Демек, облыстағы 2,6 миллион халықтың 78 пайызы құбыр суымен қамтылып отыр деуге болады».

Облыстық «Даму» бағдарламасы бойынша 2015 жылы өңірдегі барлық ауылдар таза сумен қамтылатын болады дейді облыс басшылығы.