Ұрпақ үшін ешнәрсені аямау керек

«Қазақтың саны қайтсе көбейеді?» Бұл сауал Елбасыны да бей-жай қалдырмай, 2015 жылы Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізуді Үкіметке міндеттеді. Бұл санға жету үшін не істеу керек? Бірінші – ана мен балаға тиісті дәрежеде мемлекеттік қамқорлық, екінші – бала тууға қабілетті әйелдердің әлеуметтік жағдайларына назар аудару. Сонда өсім жоғарылайды. Бұл анық.

Алмағайып кезеңде Қазақстаннан шетке тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды тарихи отандарына тарту туралы батыл бастамының ұйытқысы бола білді. «Неке және отбасы» туралы заңды қайта қарады. «Күміс алқа», «Алтын алқа» иелерінің сандық туу көрсеткішін кемітті. Оларға көрсетілер мемлкеттік қамқорлықты арттырды. Енді міне, үстіміздегі жылғы, қаңтардың 17-і күні «Неке және отабыс» туралы Қазақстан Республикасының Кодексі күшіне енді. Бұл құжатта неке-отбасы құқықтарын жүзеге асыру, баланың туу тегін анықтау, ерлі-зайыптылардың міндеттемелері бойынша жауапкершілгі, бала асырап алу, неке қиюдың шарттары мен тәртібі, ерлі-зайптылардың жеке құқықтары мен міндеттері, т.б. баптары мен тарауларына көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Әсіресе, ана мен балаға деген мемлекеттік қамқорлықтың басымдығын аңғарамыз.

Кодекс заңды тұрғыда өз күшіне енген күннен бастап-ақ көпшілік арасында тың серпіліс пайда болғандай. Тіпті, неке және отбасы мәселесі еліміздің саясаткерлерімен қатар Сенат депутаттарын да қызықтырғандай.
Мәселен, Сенаттың жалпы отырсында сенатор Ғани Қасымов жаңа туған нәрестеге 2 миллион теңге беру мәселесін палатаның қарауына енгізуін ұсынып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Өзгелер не десе о десін, көпшілігіміз сенатордың бұл ұсынысын қуана қолдадық.

«Бірінші келген нәресте ме, әлде оныншы перзенті бола ма маңызды емес, бала дүниеге келген соң оның ата-анасына еш кедергісіз бір реттік өтемақы алатындай жағдай жасайық. Оларға 1,5-2 миллион теңге берейік»,- дейді Ғ.Қасымов.

Кейбір көңілді сәттерінде сахнаға шығып, тәп-тәуір ән айтып жүрген Ғани ағамыздың айтқанына мәз болып, айызымыз қанып отырғанда, аптығымызды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова су сепкендей басты. Министр журналистерге берген сұхбатында Ғ. Қасымовтың әрбір жаңа туған нәрестеге 2 млн. теңгеден беру туралы ұсынысына қатысты пікір білдіре келе, мұндай шара Қазақстан үшін тым артық деп есептейді.

«Ресейде басқа жағдай, онда демографилық мәселе күрделі жағдайда, яғни адам өлімі туу көрсеткішінен асып кеткен. Ал бізде соңғы он жылда 200 мыңнан астам бала туды. Біздің демографиялық жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Бізде адам өлімінің саны туу көрсеткішінен асып отырған жоқ, керісінше туу көрсеткіші өлім-жітімнен екі есеге артық,»- деп министр қарсы уәж айтады.

Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі аналарды қорғау туралы осыдан он жыл бұрын құрылған жүйе тиісті оң жетістіктерін көрсетіп жатқанын жеткізді.

«Сондықтан біреудің тәжірибесін қайталау міндетті емес, кей жерлерде бұл мәселе қиындық тудырса, басқа жерде шұғыл шешім қабылдауды қажет етеді. Алайда баспана, демографиялық жағдайды жақсарту мәселелері үнемі заңнама арқылы жетілдіріп отырыуы тиіс,»- деп есептейді министр.

Қазақстанның байлығы ана мен балаға бөлінер өтемақыдан ортайып қалмас еді. Екі миллион болмаса да, қашан нәресте оң-солын танығанша жәрдемақы көрсеткішін өсіруге мүмкіндігіміз бар еді ғой. Мұны қазақы ауылда өскен Гүлшара Әбдіхалықова неге түсінбеді екен? Есесіне, сенатор Қуаныш Айтаханов бұл мәселеге қатысты өз ойын ашық айтты.

«Біздің жеріміз кең-байтақ. Бірақ халқымыздың саны аз. Осы тұрғыдан келгенде ел тәуелсіздігіне әсер ететін басты мәселе – халық санын көбейту. Ал халық саны ана мен балаға жағдай жасауға тікелей баланысты,»- деді Қ.Айтаханов.

Бұл ретте сенатор 1 жасқа дейінгі бала күтіміне ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы тағайындау қажеттігін ұсынады. Қашанда турашылдық пен әділдікті ту етіп ұстар Қуаныш Айтаханұлы көбіне ашық айтқанды жөн көреді.

«Ең төменгі жалақы бюджетте бекітіледі. Бұл бір жасқа дейінгі балаға берілетін орташа жәрдемақы болса игі және бұл ең кемі екі жылға дейін берілуі шарт. Жөргекпұлды да қазіргі көрсеткіштен бірнеше есеге арттырған орынды. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне еркеше қамқорлық жасап, жеңілдіктер қарастыру қажет. Жас отбасыларға баспана мәселесін жеңілдетіп, несие пайызын бала туу санына қарай кемітіп отыру керек. Сонда ғана бала туу мәселесі шешілетін болады. жас отбасыларға арналған арнайы әлеуметтік тұрғын үй құрылысын жасап, оның өз алдына кезегі болса екен,»-дейді сенатор.

Бұл ретте Қ.Айтаханов облыс әкімдерінің рейтингі ана қамқорлығы мен баланың табиғи өсіміне қатысты айқындалуы тиістігін алға тартады.
Қос сенатордың ұсыныстары көңілге қонымды болағнымен, бұл мәселеге министрдің аса құлшыныс таныта қоймағаны таңқалдырады. Халықтың негізгі өсімін құрайтындар негізінен ауылдық жерлерде. Ауылдағылардың жағдайы айтсын-айтпасын, белгілі. Жұмыссыздық белең алған ауылдағылардың негізгі күнкөріс көзі – зейнетақы мен жәрдемақы, қолдарындағы азын-аулық малдары. Соған қарамастан «әр баланың өзіндік несібесі бар» деп есептейтін ауылдағы әр шаңырақта 5-6 бала шауып жүр.

Еліміздегі демография төңірегінде туған даулы мәселе жайлы танымай демограф-ғалым, әйгілі «көк көрпемен» аты шыққан Мақаш Тәтімов те өзіндік пікірін білдіріп, былай дейді: «2011 жылы Қазақстанда 365 мың бала дүниеге келіп, 145 мың адам қайтыс болады. Содан күніне 1000 бала туылып, 400-ге жуық адам қайтыс болады. Қазіргі таңда демографияда «бэби-бум» жүріп жатыр.

«Бэби-бум» деген – бөбектердің санының көбеюі. Ал сенатор Қуаныш Айтахановтың ұсынысына келетін болсақ, толық қолдаймын. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әьдіхалықованың айтқанына байланысты пікірім : барлығына бірдей ақша төлеу артық. Үшінші, төртінші, бесінші баланы дүниеге алып келгендерге ақша беру керек. Себебі осы балалар халқымыздың демографиясын көтереді».

Сонымен қатар, Мақаш Тәтімов еліміздің демографиясын көтеру үшін өз ұсынысын айта келіп: «Қазіргі таңда елімізде «Алтын алқа» белгісін 7 бала өсіргенге, «Күміс алқа» белгісін 6 бала өсіргенге береді. Енді осы деңгейді бір сатыға түсіріп, 4 бала туғандарға «Қола алқа» берілуі керек. Себебі бүгінгі күнде 6-7 баланы дүниге алып келетін аналар кемде-кем. Көпбалалы әкелерді «Ер азамат» атты медальмен марапттау керек»,-деді.

Бұған да келісуге болады. Не десек те, жаңа Кодекске қатысты пікірлер көптеп айтылып та, жазылып та жатыр. Көпшіліктің көңілінде бір үміт, бір күдік. Күдікті үміт жеңетінінен күдер үзбей отырып, жергілікті мамандардың да пікірлеріне құлақ түріп көрелік.

Өзге мемлкеттерде көпбалалы отбасыларға барынша көңіл аударылады. Жәрдемақыдан бөлек, баспана мәселесін, көлікті болуын, қоғамдық көліктерде тегін жүріп-тұруын, денсаулықтарын түзеу үшін сауықтыру-демалыс орындарында болуын басты назарда ұстайды. Қазақ әйелдері туудан ешқашан кенде қалған жері жоқ, алды 15-20 балаға дейін, жоқ дегенде 5-6 баланы өмірге әкеле білген аналар қаншама. Тарихтың талай теперішін көріп, небір нәубетті жылдарды басынан өткерген хылқымыз көбеюдің орнына, небір нәубетті жылдарды басынан өткерген халқымыз көбеюдің орнына, кеміп кетті. Бұған кешегі Кеңес Одағын, әпербақан басшыларын кінәлағанмен, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін жағдай басқаша. Ұлтты көбейту де, шаңырақты берік ұстау да, ана мен балаға керегінше қамқорлық жасау да өз қолымызда. Оған мүмкіндігіміздің бары айдан анық. Ең бастысы, ел боламыз десек бесігімізді бүгіннен түзеуіміз керек. Ұл-қыздарымыздың тәрбиелі болуын, жесіріміз бен жетіміміздің болмауын, ұлттық құндылықтарымыздың жоғалмауын ескерейік.

(Мақаланың толық-қанды нұсқасын «Оңтүстік Рабат» газетінен оқып таныса аласыз)

Артық болмас білгенің:

2011 жылы Шымкент қаласында 19782 сәби дүниеге келсе, 4537 адам қайтыс болған
– 5895 неке қию рәсімі өтсе, 1369 неке бұзу оқиғасы тіркелген
Әке болуды анықтау туралы 2776 өтініш берілген
– Бала асырап алу жөнінде 181 адамның өтініші қабылданады
– 239 азаматтан тегін, атын өзгерту тұрғысында өтініш түскен.