Бахилалар тазалықтан гөрі кәсіпкерлер үшін табыс көзіне айналған

286

Бахил алу үшін 20 немесе 50 теңгеңіз болмаса кейбір медициналық мекемелерге кіре алмайсыз. Бұл қаншалықты заңды. Оқырмандардан келіп түскен сауалдарға жауап беру мақсатында ізденіс жүргізген болатынбыз.

Осыған орай, Үкімет отырысында ҚР Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттік басшысы Ғабидолла Әбдірахимов емханаларда емделушілерге аяқ қаптарды сату тұтынушылардың құқын бұзу болып есептелетінін айтты. Ал біз ауруханалар мен емханаларға оны сатып алмай кіре алмаймыз деп жазған тұрғындар. Апта басынан бері үлкен мінбелерде көтеріліп жүрген мәселе шындығында қоғамда қызу талқыға салынды.

Облыстық кардиологиялық орталықтың кіреберісінде бір емес, бахилдер салынған екі автомат бар. Біріне 20 теңге салып, аяққап алуға болады. Ал екіншісіне 10,20,50,100 теңгелік монетаны, тіпті қағаз ақшаны да енгізіп, бахилаға қоса қалдық қаржыңызды аласыз. Емдеу мекемесіне келгендерге бахилдермен ғана кіргізу міндеті жүктелген.

«Адамдардың көбісі кейде бізге ұрсып кетеді, ақша жасайсыңдар дейді. Кейбірі тазалық үшін дұрыс дейді. Бізге бұдан түсетін бір тиын пайда жоқ»,-дейді лифтер Роза Наурызқызы.

Медициналық мекемелерге бахилдердің пайдасы бар. Ол санитарлық-гигиеналық тазалық үшін жақсы. Ал автоматқа түсетін ақшаны оны орнатқан кәсіпкерлер уақыты келгенде алып кететін көрінеді. Қондырғыдағы қаржыға емдеу мекемесі ортақтаспайды, сондықтан аяққаптардың ақылы немесе тегін болғанының бізге келіп кетер пайдасы жоқ дейді, бас дәрігер.

Спандияр Байжігітов, облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері: «Қаржы департаментімен келіскен жеке кәсіпкер бізден 2 метр жерді жалға алады. Оған 1400 теңге төлейді. Ал бізге бұл тек тазалық үшін керек».

Аяқ қаптар салынған автоматтары бар емдеу мекемелерінде бахиласыз кіруге болмайтыны туралы хабарландыру да жазылған. Бір қызығы, бұл талап барлық медициналық нысандарға қойылмаған.
Бахилдер мәселесі тұтынушылардың проблемасы ретінде Үкімет деңгейінде де көтерілді. Бәсекелестікті қорғау агенттігі бұл жақында қабылданған «Тұтынушылар құқығын қорғау» заңына байланысты деп отыр.

Үкімет отырысында медициналық мекемелердегі аяққаптарға қатысты мәселені шешу сала министріне жүктелді. Аяққапқа қатысты тұтынушылар тарапынан түскен шағымға қатысты енді жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау басқармаларының басшылары шешім шығаруы тиіс. Ал жерлестеріміздің басымы, әрине, оны тегін таратса дейді.