«Қайтпас» жарыққа жари бастады

Қайтпасқа мемлекеттік электр жарығы келді

«Қайтпастың» халқы қуанышқа кенелді. Себебі, шағынауданды соңғы онкүннен бері мемлекеттен жеткен электр қуаты жарықтандыруда. Бірнеше рет арнамыз бен сайтымызға хабарласып, хат жазған тұрғындардың арызын бей-жай қалдырмай бейнематериал да түсірілген болатын. «Отырар» тілшілерінің назарында болған мәселенің ақыры мәйегі шешілді. Сөйтіп, 10-15 жылдан бері жекенің құзырындағы трансформатордан қуат алған «Қайтпастықтардың» жадында енді сол жылдардағы қиындықтар ғана қалды.

«Қайтпас» шағынауданының тұрғыны Мұратбек Сейілов игі іске тіпті разы. Бұрынғыдай техникаларымыз күйіп кетпей ме деп қорықпайды. Үйіндегі электр шамдары мен теледидар, тоңазытқыштарын желіге еркін қосып қойған. «Жарыққа жасалған ұрлықтың кесірінен электр қуаты үшін қордаланған қарызды толтыра алмай әбден шаршайтынбыз, – деп еске алады сөз кездерді, – апталап жарықсыз отырып, тірліктің бәрі ырың-жырың болатын. Кесірінен, үйдегі тұрмыстық техникаларымыз күйіп шығынға біраз батырғаны бар. Енді, Құдайға шүкір, он күннен бері көзіміз ашылып, жақсы болып қалды. Мұң-зарымызды кеш те болса елеген Мемлекетке рахмет айтқым келеді».

Мемлекеттік жарықтың шарапатын қазір елдімекендегі 1,5 мың абонент көріп жатыр. Бұл алты мыңдай «қайтпастық» тұрғын деген сөз. Бұрын электр қуатының әр киловаты үшін 28-30 теңгеге дейін төлеген жұрт енді мемлекет бекіткен соманы ғана береміз деп қуануда.

Данабек Апсиков, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Қайтпастағы» тоғыз көшенің басына қазір бір мезетте 450 үйді электр қуатымен қамти алатын осынша трансформатор орнатылды. Елдімекеннің мемлекеттік жарық жетпеген 120-дай үйі қалды. Олардың ісін бірер күнде бітіру жоспарда бар. Мұнан соң, сәуір-мамыр айларында Еңбекші ауданына қарасты «Нұртас», «Тассай», «Шұғыла» шағынаудандары осындай жарыққа қол жеткізеді. Мұнан бөлек, «Азат», «Шапағат-2», «Ұлағат», «Мирас» және «Азат» шағынаудандарының бүгінде жобалық сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Құжаттар біткен соң, қалалық мәслихатқа қаражат бөлу үшін ұсыныс беріліп, тиісті қаржы бөлінген соң іске кірісеміз».

Шымкент қалалық коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары биыл Абай, Еңбекші және әл-Фараби аудандарына қарасты «Ақжайық», «Сәуле», «Достық-2», «Самал-3» және «Ақтас» сынды 8 елдімекенге қалыпты қызмет көрсетудің жобалық сметалық құжатын жасаймыз дейді. Бүгінде онда құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталғанын айтты бізге қалалық коммуналды шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрлан Жаманкөз.