Шымкентте қазақ күресінен Ерзат Түкеевті еске алуға арналған халықаралық жарыс өтті

335
Шымкенттік палуандар бір алтын медальға ие болды

Осымен жетінші жыл қатарынан Шымкентте Ерзат Түкеевті еске алуға арналған халықаралық жарыс жалауын көтеріп келеді. Бұл жолы Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстанның палуандары оңтүстіктің бөз кілемінде ептілігін сынға салды. Ал қазақ күресінен мықтыларды анықтауға федерация басшылығы да арнайы келіпті.

250 палуан екі күн бойында белдесті. Олардың арасында оңтүстіктің мақтаныштары да бар.  Бұл жарыс алдағы дүбірлі дода алдындағы дайындық дейді бапкерлер. Қазақ барысы атану үшін осындай жарыстарда тәжірибе жинақтау қажеттігін де олар жасырмады.

 Нәтижесінде оңтүстіктің 1 палуаны алтыннан алқа тақса, тағы екеуі күміс және 2 қола медальды еншіледі. Бұл жолы шығысқазақстандықтар ептілік танытып, турнирдің 3 алтын медалін қанжығасына байлады.

Өз алаңымызда неге жалғыз алтын медаль деген сауал туындайтыны заңдылық.  Шымкенттік бапкерлер бұл жолғы жарысқа облысымыздың негізгі құрамын қоймадық деп өз уәжін айтады. Өйткені, оңтүстіктің қазақ күресінен  басты құрамасы мамыр айында өтетін  күш атасы Қажымұқанның турниріне дайындалуда.