Сабина саңырау болып қалуы мүмкін

Жанар Сманова, Сабина Кузнецова. Кохлеарная имплантация

«Күтіңіз!» деген сөзден шаршады. 7 айдан бері бауыр еті баласы үшін зыр жүгірген Жанар Сманова қазір қайда шағымданарын білмейді. Себебі, төрелігін айырып береді деген «Нұр Отан» партиясының Шымкенттегі төрағасы намысына тиер сөз айтып, меселін қайтарған. Ал кішкентай қызға көмек көрсетілмесе, ол әне-міне дегенше қайтадан керең әрі мылқауға айналуы мүмкін. Өйткені, кішкентай Сабина сөйлеуге мүмкіндік беретін құрылғыға зәру облыстағы 4 баланың бірі. Шыдамы таусылған ананың жанайқайын тарқатып көрейік.

2008 жылы Сабина Кузнецоваға күрделі ота жасалғанда анасы Жанар қатты қуанған. Сол кезде дәрігерлер оның басына есту қабілетін қалыпқа келтіріп, сөйлей бастауға мүмкіндік беретін арнайы құрылғы орнатқан болатын. Ол жалпы медицинада кохлеарлы имплантация (кохлеарная имплантация) деп аталады. Құлаққа кигізілетін шағын ғана чиптің арқасында 6 жасар Сабина дыбыстарды естіп, алғашқы сөзін де айта бастаған. Бүлдіршін бүгінде Төлебидегі арнайы мектепте оқиды.

Сабинаның тіл сындырып, икемге келе бастауын Төлебидегі мамандар нағыз жеңіс деп біледі. Дегенмен, ол бұл мүмкіндіктен кез келген заматта айрылуы мүмкін. 4 жыл бұрын балақайдың басындағы микрочип бұзылып, жөндеуге келмей қалады. Қазір оның орнында басқа аппарат жұмыс істеп тұр. Жаңа емес. Көбінесе, өшіп қалып, қызды дыбыстарды естіп-білуден мақрұм етеді.

Жеті айдан бері қыздың анасы барлық шенеуніктің есігін тоздырды. Мақсаты-қызына құрылғы сатып алу үшін қаржы бөлдіру. Өзі алайын десе тым қымбат. Имплант құны 2 млн. теңгеге жуық. Сөйтіп, Сманова ханым осынша уақыттан бері құрғақ уәдеге тойып келеді.

«Қаржы қаңтар айында бөлінеді деген. Сосын ол ақпанға ауысты. Сөйтіп жүріп наурыз өтті. Енді міне сәуір де келіп жетті. Құрғақ уәдеге әбден тойып біттім», – дейді Жанар Сманова.

Дұрыс жауап ала алмаған келіншек, НұрОтан партиясының Шымкенттегі төрағасы Өмірзақ Мелдехановқа жүгінеді. Бірақ, оның сөзіне төраға мырза атүсті қараған.

Жанар СМАНОВА, Сабинаның анасы: «Өмірзақ Мелдехановтың қабылдауына барғанымда ол маған намысыма тиетін сөздер айтты. Мүгедектермен жұмыс істемеймін деді. Мені халық емес таңдаған, өзімді-өзім таңдағанмын деді. Ол кісіге енді айтарым жоқ. Егер оны халық таңдамаса, онда ол орыннан халықтың өзі алып тастары анық».

Бірақ бұл сөздерді Мелдеханов мырза теріске шығарып отыр. Ол келіншек алдайды дейді.

Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ, «Нұр Отан» ХДП Шымкент филиалының төрағасы: «Олар менің қабылдауыма келгенде өздерін дұрыс ұстамады. Менің хатшымды ұрды. Мен әрқашанда халықпен кездесуге дайынмын».

Партияның облыстағы филиалындағылар бұл мәселе бойынша ештеңе дей алмайтынын мәлім етті. Сөйтіп бізді жұмыспен қамту орталығына жіберді. Бастықтың орынбасары бар мәселеге қанығып, мұның мамыр айында болатын бюджетті бөлу кезінде шешіліп қалуы мүмкін екенін айтты. 7 ай бойы сенделген апалы-сіңлілі қос келіншекке мұны енді айтып отыр.

P.S. Осы күні жоғарыда сөз еткен кейіпкерлеріміздің мәселесін көріп-біліп қайтқаннан соң, кішкентай Сабинаның анасы Жанар Сманова редакцияға телефон арқылы хабарласып, облыс әкімімен жолыққан айтты. Асқар Мырзахметов келіншектің мұң-зарын тыңдап, денсаулық сақтау мен жұмыспен қамту басқармаларындағы жауапты шенеуніктерге шұғыл тапсырып, 12 күн ішінде Жанар Сманованың мәселесін шешіп беруді бұйырған. Құрылғының құнын естіп, таңқалғаннан шалқасынан түсе жаздаған облыс басшысы мәселе оң шешілмесе, қос келіншекті 7 ай бойы сенделткен жауапты мамандарды орнынан босатпақ.