«Қуан, сәби!» акциясы ОҚО-да кезекті жалғасын тапты

Сурет ma-rss.ru сайтынан алынды
Сурет ma-rss.ru сайтынан алынды

Шымкент қаласындағы №3 балалар үйінде республикалық «Қуан, сәби!» акциясының аясында «Әрбір балаға берік отбасы» қағидасын насихаттау, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасында өмір сүру және тәрбиелеу құқығын жүзеге асыруға қоғамның назарын аудару мақсатында кезекті тоқсандық басқосу болып өтті.

«Қуан, сәби!» акциясы нәтижесінде балалар үйлерінен 2011 жылы 30 бала патронаттық тәрбиеге орналастырылған. Қонақжай отбасында жазғы демалыс кезінде 95 бала, күзгі демалыс кезінде 87 бала қонақта болған. 7 бала қорғаншылыққа, 16 бала ҚР азаматына асырап алуға беріліпті.

Ал 2008 жылдан бастап Шымкенттегі №3 балалар үйінің 52 бүлдіршіні патронаттық тәрбиеге берілген. Бес бөбек ата-ана қамқорлығына өтіп, 6 бүлдіршін асырауға алынған. 28 балақай қандас ата-анасының бауырында жүр бүгінде. Ата-ананы баламен, баланы әке-шешесімен қауыштыру үшін 3 жылдан бері жұмыс жүргізіп келе жатқан «Қуан сәби» акциясының бұл ретте көмегі зор дейді сондағы басшылық. Ал ОҚО бойынша 452 бала патронаттық тәрбиеде екенін мәлім етті облыстық балалардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы Мадина Әлиева тілшілерге берген сұқбатында. Кездесу барысында бас маман бұл істің біздің облыста жақсы жолға қойылғанын да айтып өтті.

Акцияға келген қонақтың бірі – Үрзада Әшірәлиева мейірімге зәру бір балаға бес жылдан бері аналық жылу сыйлап жүрген жанның бірі. Үш қыз, бір ұлы бола тұра, орыс ұлтының өкілін патронаттық тәрбиеге алған келіншек, мұндай шешімі үшін еш өкінген емес. Керісінше, отбасында шат-шадыман күлкі көп екенін қуанышпен айтады. Қыдырәлі деп есім берген ұлын баласына серік болсын деген ниетпен алған екен. Қазір ешқандай баласынан кем көрмейтін Қыдырәлі 8-сыныпта білім алып келеді екен. Ү.Әшірәлиева тағдырдың небір сынақтарына бой алдырып жүрген өзі секілді әйелдер мен ерлерге мұндай жағдайдан қысылудың түкке де қажеті жоқтығын айтады.