«Ұл-қызымды балалар үйіне өткізсем деймін…»

639

Кедейшіліктің шекпенінен құтыла алмаған Ақмарал Мейірбекова бес баласын балалар үйіне өткізгісі келеді.

«Жоқшылықтан жаным қысылды. Балаларымды уақытша балалар үйіне өткізсем деймын. Өзім емделіп алғанша сонда бола тұрсыншы…» деп егіледі. Көзінің нұры, көңілінің қуанышы, бауыр еті баласын тағдырдың тар құрсауынан торығып біткен әке не ана, балалар үйіне өткізе ала ма? Оның жолы қандай? Мұндай жағдайда түрлі әлеуметтік көмек көрсетуші ұйымдар, мекеме, үкіметтік емес органдар қайда қарап отыр? Ағайын-туыс жақынына жәрдем беруден неге безінеді?Көпшіліктің санасында сайраған осы бір сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Бес баланың анасы Ақмарал Мейірбекова көмекке зәру. Жоқшылық жанын қинаса да, жүрегіндегі аналық махаббаттың күшімен бес бірдей үйелмелі-сүйелмелі перзенттерін тұмсықтыға шұқыттырмай, қанаттыға қақтырмай аялап, жалғыз өзі өсіріп келе жатқан Ақмарал айықпас дертке шалдыққан. Дәрігерлер онкологиялық – қатерлі ісігі бар деп диагноз қойып отыр.

«Күш-қуатым бар кезде, ұл-қызымның нәпақасы үшін жұмыс таңдамай істедім. Қазір сырқатым меңдеп, денемді дендеп барады,»-деп қынжылады шарасыз ана.
Көпбалалы ана Ақмаралдың тұрғылықты мекен-жайы жоқ, «Қайнарбұлақ» саяжайында баспана жалдап тұратын ана кейде балапандарына ішерге ас таппай қалатын күндері болатынын да жасырмайды. Үлкен қызын нағашылары қолдарынан келгенше оқытып, бар шығынын өз мойындарына алып отыр екен. Ер жетіп қалған ұлы анасына қолқанат болу үшін мектепке баруды қойған. Көлік жуып, күнкөрістің қамын жасап жүр.

Қазір Ақмаралды аты жаман аурумен қалай арпалысуы керектігі алаңдатады. Анасының мүшкіл халін түсінген бала-шағасы, уақытша балалар үйіне баруға көніп те отыр. Қара су ішсе де, бір-бірінен айрылып көрмеген отбасы мүшелеріне бұл ауыр соғары анық. Себебі, жасына қарай олар әр жаққа, әр балалар үйіне тарап кетуі мүмкін.

 Ұл-қызымды ағайын-туысқа сеніп тастай алмаймын, одан гөрі балалар үйіне өткізгенім дұрыс,- дейді Ақмарал. – Үлкен баламның көлік жуып, тауып жүрген 700 теңгесі қай жыртығымызды жамайды?! Оған екі нан, картоп, кеспе алып, күнделікті тамағымызды айырамыз. Қиналып кеттім, балаларымның болашағын уайымдаймын. Емделмек түгілі, дәрігерге барып-қайтуыма жол қаражатым жоқ. Ұл-қызымды мектепке жіберіп алып, оларға көрсетпей қамығып жылап аламын. Киген киімдері де нашар. Қыстан қиналып шықтық. Оны сыныптас достары көріп, кемсітетіні айдан анық қой. Осыны ойлағанда жүрегім қақ айрылады. Сондықтан да оларды уақытша балалар үйіне орналастырып, өзім емделіп алсам деймін. Мені ел-жұрт дұрыс түсінсе деймін… Бұларды бір қора етіп, қай туысқаныма апарамын. Өз арбамды өзім сүйремеген соң, кімге жағамын. Біреудің баласына біреу қарайтын заман емес. Басқа амалым қалмады…

Ақмаралды тыңдап отырып, сай-сүйегіміз сырқырады. Ұл-қызын жамандыққа қимаса да шарасыз бейбақ ана осылай етуге мәжбүр.
Қолымыздан келер көмегімізді ұсынбақ ниетте, мұндай жағдайда не істеуге болатынын білмек болып, облыстық балалардың құқығын қорғау департаментіне сұрау салып көрдік. Әлеуметтік жағдайына байланысты балалар үйіне уақытша өткізуге мәжбүр болған ата-ананың балалары облыстық балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік сауықтыру орталығына (приют) жіберіледі екен. Бастысы, ата-ана өз баласынан бас тартпауы тиіс. Ол үшін жергілікті білім бөлімдеріндегі қорғаншылық және қамқорлық органдарына өтініш беруі керек. Арнайы комиссия отырысы айына 2 рет өткізіледі. Комиссияның шешімімен әлеуметтік сауықтыру орталығына баланы орналастыруға болады.

Десе де, уақытша дегеніңіздің өзі 2 – 6 айға ғана. Орталыққа өткізген балалардардың ата-анасы белгіленген мерзімде қайта оралмаса, не хабарын бермесе, қорғаншылық және қамқоршылық органдары ата-анасына іздеу салып, әрмен қарай балалар үйіне өткізу мәселесін қарастырады.
Тағы да айта кетейік, Шымкент қаласындағы мамандандырылған бөбектер үйінде «Үміт» тобы жұмыс жасайды. Мұнда көбінде аяғын шалыс басып адасқан арулардың некесіз туылған перзенттері тәрбиеленеді. Баласын осы «Үміт» тобына өткізгісі келгендер жергілікті жердегі білім бөлімдері арқылы, сондағы арнаулы қорғаншылық және қамқоршылық органрына өтініш берулері керек.

Міне, өмірдің ащысына шыдамастан, жоқшылық жанын қысып, осындай мәжбүрлікке тап болғандар перзенттерін уақытша қайда орналастыра алатындығын там-тұмдап болса да түсіндіруге тырыстық. Десе де, өз баласы түгілі жетімін тентіретпеген елдің бүгінгі ұрпағы басына ауыр күн туған ағайынына көлеңкесін түсіріп, жылы қабақ танытып, тапқанын ұсынса, мұндай жүрегіңді ауыртып, құлағыңа түрпідей тиерсөзді естімеген болар едкі деген ойға қаласың.

Сіз не дейсіз?

Мәдина Әлиева, облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің бас маманы:

– Ақмарал Мейірбекованың тағдыры өте ауыр. Қазір біздің мекеме перзенттерін балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік оңалту орталығына жіберу мақсатында құжаттарын әзірлеуде. Күнкөрістің өзі мұң болып, осылай жасауға мәжбүр болған анаға көмектесу керек-ақ. Бұдан бөлек, Шымкенттегі мамандандырылған бөбектер үйіндегі «Үміт» бөлмесіндегі сәбилер туылған кезден бастап, 3 жасқа дейін болады. Ал әлеуметтік жетімдер, яғни науқас балалар 4 жасқа дейін тәрбиеленеді.

 Қырмызы Қожамжарова, №3 балалар үйінің директоры:

– Мен баланы уақытша болса да балалар үйіне немесе приютқа өткізуге қарсымын. Бұл баланың психологиялық дамуына кері әсерін тигізеді. Балалар үйінде қанша жерден жағдайын жасап, барды алдына тосқаныңмен, отбасына жетпейді. Сондықтан да, әлеуметтік тұрғыда қиналып, баласын уақытша өткізем деген жанұялардың ағайын-туыс, көрші-қолаңы бар шығар. Мұндай жағдайда балаларға барынша көмектесу керек. Сонда бала да, ана да ешқандай жапа шекпейтін болады. Бүршік жарып келе жатқан жас өскіннің жүрегін ауыртып, тұрмыс тауқыметімен балалар үйіне уақытша өткізу деген қай жағынан алып қарасаңыз да дұрыс емес.

Жанар ЕСЕНБЕКОВА

 

Керек дерек:

Қазір Оңтүстіктегі 5 балалар үйінде 400-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр.

 

БАЛАҒА БАС-КӨЗ БОЛАЙЫҚ!

  • Кешегі аптада Сарыағаш ауданында арық суына 3 және 5 жасар екі бала құлап кетіп, мерт болды. ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, балалардың мәйіттерін олардың туыстары тауып алған.
  • Шымкент қаласында да Қошқар ата өзеніне де 1 және 4 жасар бала абайсызда құлап, мерт болды.
  • Созақ ауданында болған жол-көлік апатының салдарынан кешегі аптада 8 жасар қыз көз жұмды.
  • Шымкентте 2 жасар нәресте токқа түсіп көз жұмды. «Сәуле» шағынауданындағы қараусыз қалған жоғарғы кернеулі қондырғының ашық желілерін қызығып ұстаған ойын баласы сол мезетте трансформаторға жабысып қалған. Оқиғаның куәгері бес жастағы бала токқа түскен інісін тартып алмақ болған. Бірақ шамасы келмегендіктен анасын көмекке шақырған. Алайда анасы да кенжесінің ажалына араша бола алмады.

 

Газет анықтамасы:

Облыстық балалар құқығын қорғау департаменті Тел: 53-29-97,

Облыстық балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік сауықтыру орталығы тел: 95-69-60