Медиация-бітімгерлікті мақсат етеді

339
дөңгелек үстел барысы

Медиация заңы азаматтық және қылмыстық процесстерде дауды шешудің баламалы тәсілі. Былтыр қолданысқа енген заң еліміздің біраз қалаларында жүзеге асып үлгеріпті. Ал біздің облыста баяу, тіптен қолданылмайды десе де болады. Себебін мамандандырылған сотқа жиналғандар талқыға салды. Медиация кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтауға емес, өзара тиімді шешімді табуға бағытталған. Сондықтан жанжалдасушы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да кәсіби бітімгерге жүгінгені дұрыс дейді медиатор мамандар.

Райсова Балгүл, медиатор: «Медиация – үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың – медиатордың қатысуымен дау-жанжалды шешудің баламалы әдістерінің бірі, ол тараптарды өзара бітімге келуге көмектеседі. Еріктілік, құпиялылық, тараптардың тең құқылығы, медиатордың бейтараптығы, процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен негізделеді».

Бүгінде бүкіләлемдік тәжірибеде медиация ірі бизнестерден бастап, ажырасу мен дүниені бөлісу деген сияқты мәселелерге дейін кеңінен қолданылады. Халықаралық статистикаға жүгінетін болсақ, бүкіл келіспеушіліктердің 30-40 пайызы мадиация арқылы өткізіледі, ойдағыдай нәтижеге оның 85 пайызы ие болады екен. Айтпақшы, кеңестік дәуірден кейін медиацияны алғаш боп қылмыстық істерді шешу үшін Молдова мен Литва қолданған. Бұл елдердің соңғысы іс жүзінде мұндай тәжірибеден экономикалық тиімділікке қол жеткізген. Ал Қазақстанда билер сотының жүйесі осы медиацияның түптұлғасы боп табылады. Билер сотының өзі қаншама шаңырақты бейбітшілікке шақырып, бітімділігін ұстап отыр.

Медиатордың судьядан айырмашылығы – медиатор жанжалға қатысушылармен болатын келіссөздерге белсенді қатыса алады, ал судья мұны жасай алмайды, ол араласпаушылық принципін ұстануға міндетті. Медиацияға бар болғаны 30 күн уақыт беріледі, ал соттар айларға, тіпті жылдарға созылады.

Медиация туралы келісімге қол жеткізгеннен кейін, егер іс сотта қаралса, ол сотта бейбіт келісім секілді мақұлданады. Дауласушы тараптар медиация туралы келісім-шарт және сотқа дейінгі тәртіппен жанжалды реттеу туралы келісім жасаған жағдайда, келісім дауласушы тараптар оны ерікті түрде орындауға міндеттеледі дегенді білдіреді.

Ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша жәбірленуші тарапқа келген залалдың орнын толтыру және оларды татуластыру арқылы жанжалды реттеу туралы келісім жасау әрі қарай қылмыстық қудалауды тоқтататын жағдай боп табылады, сөйтіп ҚР ҚК-нің 67-бабы бойынша іс тоқтатылады.