Оңтүстік өрендері Лондонда жүлде алуды көздейді

Лондон олимпиадасына 93 күн қалды.

Биылғы жылдың басты спорт бәсекесі Лондондағы жазғы олимпиада ойындарына 3 айға жуық уақыт қалды. Тұманды Альбионға дүниежүзінің 205 елі 10 мыңға жуық саңлақ спортшысын үкілеп қоспақ. Қазақстандық спортшылар да айтулы аламанға әзірлік үстінде. Ғаламның тынышын бұзатын додаға дайындық барысы қалай? Оңтүстік спортшыларынан кімдерге үміт артамыз?

Иә, Лондондағы дүбір қазақ елінің тәуелсіз ел ретінде бағын сынайтын бесінші олимпиада ойындары. Бұған дейін Сиднейде өткен ұлы дүрмекте спортшыларымыз жалпыесепте 22 орынға жайғасқан еді. Содан бері үздік жиырмалықтан көрінуге жұмыла жұмыс жасап келеміз. Алайда, бұл мақсатымыз әзірге орындалар емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Үкімет отырысында ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев спортшыларымызға биылғы додада 3 алтын, жалпы 13-тен астам медаль олжалауды тапсырды. «Спортшыларымызға олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсету міндеті қойылды. Яғни, 3 алтын, жалпы 13-тен астам медаль ұтып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл нәтиже жалпыкомандалық есепте үздік 30 мемлекеттің қатарына кіруге мүмкіндік береді», – деді Т.Ермегияев. Сондай-ақ, Лондоннан озып шыққандарға берілетін сыйақы да қомақты. Мәселен, алтын жүлдегер – 250 мың, күміс жүлдегер – 150 мың, қола жүлдегер – 75 мың АҚШ долларына ие болса, сонымен бірге, сонымен бірге, төртінші орынға – 30 мың, бесінші орынға – 10 мың, алтыншы орынға 5 мың АҚШ доллары үлестірілетін болады.

Хош делік, әзірге ел қоржынында спорттың 16 түрінен 74 лицензия бар. Лицензиялық жарыстар 9 шілдеде аяқталатындықтан 25 спорт түрінен жүзден астам лицензия алу жоспарда. Агенттік басшысы Лондондағы басты қаруымыз деп ауыр атлеттерді атады. «Үміт артып отырғанымыз – ауыр атлетика. Сонымен қатар өздеріңіз білетіндей күрес түрлері. Атап айтқанда, грек-рим күресі, еркін күрес, әйелдер күресі, дзюдо жақсы дамыған. Боксқа да зор сенім артамыз»,-деді төраға. Атап айтар болсақ, ел үміт артып отырған спорт түрлерінен ауыр атлетика – 8, бокс – 9, күрес түрлері – 14, жеңіл атлетика -12 және таэквондодан 3 спортшы Лондон төрінде жүлдеге таласады.

Рас, олимпия ойындарынан Оңтүстік спортшылары құралақан қайтіп жүрген жоқ. Жерлестеріміздің жеңіспен өрілген дәстүрі бар. Әзірге, жүлдеге қол созуға қабілетті 12 саңлағымызға үміт артамыз. Әлі де болса, жолдамаға үмітті спортшыларымызды айтпай кетуге болмас. Олардың қатарында Ермек Байдуашев (еркін күрес), Марат Кәрішалов (грек-рим күресі), Жайна Шекербекова (бокс), Ержан Дүйсенбеков (еркін күрес), Рашид Юнусметов (оқ ату), Тимофей Емельянов ( байдарка және каноэде есу) және жеңіл атлеттер Дмитрий Коблов, Евгений Пискун, Александр Боднердің мүмкіндігі зор. Бұйыртса, олимпиадаға баратын жерлестеріміздің саны жиырмаға жетуі тиіс. Бір айта кетерлігі, облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Полат Қырықбаев олимпиадада жерлестеріміздің кемінде 2 жүлде еншілейтініне сенім білдірді.

Жолдамаға ие оңтүстікқазақстандық спортшылар:

1. Наталья Ивонинская ― жеңіл атлетика
2. Ольга Терешкова ― жеңіл атлетика
3. Евгений Алексеев ― байдарка және каноэде есу
4. Феруза Ергешова ― таэквондо
5. Нұрсұлтан Мамаев ― таэквондо
6. Александр Диченко ― велоспорт
7. Сергей Истомин ― ауыр атлетика
8. Надежда Ногай ― ауыр атлетика
9. Мөлдір Әзімбай ― спорттық гимнастика
10. Ангелина Мищук ― стенд ату
11. Елена Шалыгина ― әйелдер күресі
12. Біржан Жақыпов ― бокс