Шымкент зообағындағы жаңа туылған қонжықтар жергілікті циркке берілмек

Қонжықтар

Шымкент зообағына бұл күндері шырай кіргендей. Ондағы мамандар қазір таяуда балалаған «Алена» мен «Алпамыс» есімді қоңыр аюлардың қонжықтарының қылықтарын жыр етіп айтып жүр. Тек, қонжықтарды мамандар әзірге сыртқа шығарып, ешкімге көрсетпепті. Көз тимесін десе керек.

«Алена» ұрғашы аюын жануарлар бағының басшылығы 2001 жылы Бурабай ұлттық бағынан әкеліпті. Ал «Алпамыс» Алматыдағы зообақтан 1995 жылы жеткізілген. Ұрғашы аюдың 3-тумасын мамандар Шымкентте жаңадан бой көтерген Цирк ұжымына береміз деп отыр.

Жарық дүниеге келгеніне 2,5 айдан асқан үш қонжықты көруге «Отырар» телеарнасының тілшілері болып бет түзедік. Орыс редакциясының тілшісі Ира Притуламен бірге фотоаппаратымды құшақтап мен журсем, камерасын қолынан тастамай операторымыз Николай Иванов жүр.

Қонжықтарды енесімен қауыштыруға  шыққан мамандардың қолындағы кішкентай аюларды көрген былайғы жұрт қонжықтардың айналасына жиналып қалды лездің арасында. Оны байқаған аналық қоңыр аю қызғаныштан өзгеше дыбыс шығарып, айналаны азан да қазан етпесі бар ма?! Суретке түсіп, біздер мәзбіз. «Алена» тым дегбірсізденіп кетті ме, жануарлар бағының мамандары қонжықтарды босатып, енесіне табыстайтын шақтың келіп кеткенін айтты. Қимай-қимай қоштастық, сосын!

Қызығы сол, қоңыр аюлардың бұл қонжықтарына жануарлар бағының басшылығы бұл күнге дейін есім бермепті. Бұл құрметті циркіміздің қолға үйретуші мамандарының еркіне қалдырдық дейді.

Бекет Үсіпәлиев, Жыртқыш аңдар бөлімінің меңгерушісі: «Қазір қонжықтар мен олардың ата-аналарының көңіл-күйі бірқалыпты. Түрлі минералдық қоректің екі еселенген көлемімен тамақтануда. Ал Шымкент зообағында бүгінгі күні 13 аю бар».

Мұнан бөлек, жануарлар бағында бүгінде асылдандырылған арқар пайда болған. Бұл шымкенттік будандастырушы мамандардың мақтанышы десе болғандай. Зообақтың абыройын асқақтатып тұрған келесі жануар – тауыстар. Олар да қазіргі күні жұмыртқалай бастаған. Дегенмен, олар табиғи түрде емес, инкубаторларда көбейеді.  Біздегі көп тауыстар альбинос тұқымдасына жатады.